
Қазгидромет өзінің ресми сайтында елдің үш қаласының тұрғындарына арналған ескертуді жариялады. Әңгіме бейсенбі күнгі ауа сапасының болжамына қатысты.
«25 маусымда қолайсыз метеорологиялық жағдайлар Талдықорған қаласында, түнде – Теміртау, Ақтөбе қалаларында күтіледі», – делінген хабарламада.
Ауаның ластануы түріндегі қолайсыз метеожағдайлар – атмосфералық ауаның жерге жақын қабатында зиянды (ластаушы) заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді метеорологиялық факторлардың (желсіздік, әлсіз жел, тұман, инверсия) жиынтығы.
Синоптиктердің болжамы бойынша, Ақтөбеде күн құбылмалы болады, үзік-үзік жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде және таңертең тұман түседі. Жел солтүстік-батыстан, батыстан 3-8, күндіз екпіні секундсына 12 метрге дейін жетеді. Ауа температурасы түнде 14-16 градус жылы, күндіз 25-27 градус жылы болады.
Талдықорғанда – күн құбылмалы болады, таңертең және күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Жел оңтүстік-батыстан секундсына 3-8 метр. Ауа температурасы түнде 16-18 градус жылы, күндіз 31-33 градусқа дейін аптап ыстық болады.
Теміртауда күн аз бұлтты болады, таңертең және күндіз өткінші жаңбыр жауады. Жел батыстан, солтүстік-батыстан түнде 1-3, күндіз секундсына 7-9 метр. Ауа температурасы түнде 14-16 градус жылы, күндіз 23-25 градус жылы болады.
Айта кетейік, осыған дейін 25 маусымға арналған ауа райы болжамын жария еткен едік.