
Жузефина атымен белгілі блогер Жұлдыз Жауынбаева 10 күнге әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы Алматы қаласы полициясы хабарлады.
Бұған дейін блогер әлеуметтік желіде әкесі тарапынан өзіне қатысты зорлық-зомбылық жасалғаны туралы мәлімдеген.
«Жария мәлімдемелер бойынша тексеру жүргізілді. Контент авторы және оның ата-анасы анықталып, олардан жауап алынды. Құқыққа қайшы әрекеттер туралы ақпарат расталмады.
Бейнежазбада Алматы қаласының тұрғыны тыйым салынған заттарды қолданғанын көрсеткен. Медициналық куәландыру есірткі заттарын қолдану фактісін растады», – деп хабарлады полиция.
Сондай-ақ блогердің әрекетінен ұсақ бұзақылық жасау және жалған ақпарат тарату сияқты әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталған.
Сот шешімімен блогер Жузефина 10 тәулік әкімшілік қамауға алынды. Сондай-ақ жалған ақпарат таратқаны және ресми ескертуді бұзғаны үшін оған 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Бұған дейін Жузефинаны полиция бөлімшесіне алып кеткені хабарланды.