Жаңалықтар

Пәтер мен грант алу: «Жас ғалым» мәртебесі 44 жасқа дейін ұзартылды

«Жас ғалым» мәртебесі 44 жасқа дейін ұзартылды / Фото: unsplash.com, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстанда жас ғалымдар үшін жас шектеуі ресми түрде 44 жасқа дейін ұлғайтылды. Бұл туралы өзінің Telegram-арнасында мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

Дегенмен, маңызды шарт бар: жас ғалым мәртебесі тек ғылыми өтілі 10 жылдан аспайтын адамдарға ғана беріледі (3 жылға дейінгі декреттік демалыс есепке алынбайды).

Бұрын қалай болды?

Аймағамбетовтің айтуынша, қазақстандық зерттеушілердің көпшілігі PhD дәрежесін тек 30–32 жасқа қарай алады, ал оқу мерзімі ұзақ салаларда (мысалы, медицинада) бұл кезең бұдан да кеш келеді. PhD докторы нақты тәжірибе жинақтап, ауқымды зерттеулерді бастауға дайын болған сәтте, ол 35 жасқа толып үлгеретін.

«Нәтижесінде, өздерінің ең өнімді кезеңінде ғалымдар мемлекеттік гранттарға, стипендияларға және тіпті жас мамандарға арналған тұрғын үй бағдарламаларына қол жеткізу мүмкіндігінен айырылып қалатын», — деп жазды ол.

Мәжіліс депутаты бұл жасанды шектеудің кесірінен ғылым көптеген дарынды кадрлардан айырылды деп есептейді.

Бұл жаңашылдық не береді?

Жас ғалымдарға арналған миллиардтаған теңгенің мемлекеттік гранттық конкурстарына енді тиісті ғылыми өтілі бар 44 жасқа дейінгі зерттеушілер қатыса алады. Олар жас ғалымдар үшін тағайындалған мемлекеттік стипендияларға, сондай-ақ басқа да артықшылықтарға үміттенуге толық құқық алады.

Айта кетейік бұған дейін ақпан айында үйсіз жүрген 14 жас ғалымға пәтер берілгені туралы жазған едік.