Жаңалықтар

Шымкентте қоймалардағы ірі өрт сөндірілді

Шымкентте қоймалардағы ірі өрт сөндірілді / Фото: Shutterstock

Шымкентте құтқарушылар Әл-Фараби (Еңбекші) ауданының Испиджаб тұрғын алабындағы жеке қоймалар аумағында орын алған ірі өртті сөндірді, деп хабарлады ТЖМ.

Ведомствоның мәліметінше, тілсіз жау қойма ғимараттарының шатырын шарпыған. Сондай-ақ, нысан аумағында жүк көлігінен төгілген дизель отыны мен резеңке бұйымдар жанған.

Өрт ошағына тікелей жақын жерде дизель отыны толтырылған жүк автокөлігі болған.

Оқиға салдарынан екі адам зардап шекті. Екеуі де әртүрлі дәрежедегі күйік жарақаттарын алып, ауруханаға жатқызылды.

Өртті сөндіруге жеке құрамның 56 адамы мен 30 бірлік техникасы тартылды. Сондай-ақ оқиға орнында ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының мамандары жұмыс істеді.

Өрттің мән-жайы мен себептері анықталуда.

ТЖМ азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

Айта кетейік, осыған дейін 23 маусым, сейсенбі күні Астана қаласында 13 қабатты тұрғын үй өртенген еді.