Экономика

OpenAI IPO-ға келесі жылы ғана шығуы мүмкін

OpenAI келесі жылы IPO-ға шығуы керек / фото: Kursiv Media

Компания IPO-ға биыл шығуды жоспарлаған. Алайда қазіргі көрсеткіштері бұл межеге әзірге жетпейді. Арнайы кеңесшілер OpenAI-ға екі нұсқа ұсынған: 2027 жылға дейін күтіп, 1 трлн долларлық мақсатты сақтап қалу немесе биржаға ертерек шығып, бірақ төмен бағалаумен келісу.

Осылайша NewYork Times мәліметінше, OpenAI IPO-ны келесі жылға шегеруі мүмкін. Бұған дейін компанияның биржаға 2026 жылдың екінші жартысында, тіпті күзде шығуы мүмкін екені бірнеше рет талқыланған еді.

Алайда OpenAI қалаған триллиондық бағалауға әлі жете алмай отыр. Компанияның соңғы бағасы 730 млрд доллар болды, ал өткен жылғы түсімі 13 млрд долларға әрең жеткен.

The New York Times мәліметінше, компанияны нарықтағы тұрақсыздық пен инвесторлардың сақтығы алаңдатып отыр. Бұған SpaceX-тің құбылмалы IPO-сы да әсер еткен: компания акциялары алғашқы күннің өзінде 15%-ға төмендеген.

Маусым айының басында Anthropic те IPO өткізуге құжаттарды құпия түрде тапсырған. Bloomberg жазуынша, IT-гигант биржаға күзде шығуы мүмкін. Бұған дейін компания жаңа инвестициялық раундта 65 млрд доллар тартқан. Осыдан кейін Anthropic 900 млрд долларлық бағалаумен OpenAI-ды капитализация бойынша басып озды.

Еске сала кетейік, OpenAI компаниясы АҚШ-та Initial Public Offering (IPO) өткізуге өтініш тапсырғанын жазған едік.