Жаңалықтар

Шымкентте шілдеде аптап ыстық: сынап бағаны +46°C көтерілуі мүмкін

ТЖМ ауа райына байланысты қауіптіліктің 5-деңгейін жариялады
Шымкентте шілдеде аптап ыстық: сынап бағаны +46°C көтерілуі мүмкін / Фото: Shutterstock

Маусым айындағы нөсер жауыннан кейін Қазақстанның оңтүстігіне қайтадан аптап ыстық оралады. Синоптиктердің болжамы бойынша, шілдеде Шымкент пен Түркістан облысында ауа температурасы климаттық нормадан 2 градусқа жоғары болып, орташа есеппен +29 градусты құрайды. Жауын-шашын мөлшері аз болады, тек сирек күндері найзағай ойнап, екпіні 15-20 м/с-қа жететін күшті жел тұруы мүмкін.

«Казгидромет» РМК мәлімдеуінше, оңтүстік өңірлерде шілде айы әдеттегіден ыстық және құрғақ болады. Алайда бұл консультативтік болжам синоптикалық жағдайдың өзгеруіне қарай онкүндіктер сайын нақтыланып отырмақ.

Шымкентте айдың басында ауа температурасы күндіз +29…+34 градустан +39 градусқа дейін көтеріледі. Шілденің ортасында ыстық күшейіп, күндіз +37…+42 градусқа жетсе, түнде де +25…+30 градустан төмен түспейді. Ал аптаптың ең шынжыр мәні айдың соңғы онкүндігіне тұс келеді, бұл кезде күн +41…+46 градусқа дейін күйіп тұрмақ. Тек айдың соңында ғана күн сәл салқындап, күндіз +29…+34 градус болады.

Егер бұл болжам орындалса, Шымкентте шілде айының жаңа рекордтық көрсеткіші тіркелуі мүмкін. Қазіргі уақытта қаладағы ең жоғары температура 2025 жылдың жазында тіркелген (+43,7°C). Ал тарихтағы ең суық шілде күні 1949 жылы (+7°C) болған екен.

Түркістан облысының жазық аймақтарында да ауа райы Шымкенттегідей ыстық болады және үшінші онкүндікте кей жерлерде +46 градусқа дейін жетеді. Ал таулы аудандарда едәуір салқын: айдың ортасында күндіз +32…+36 градусқа дейін ғана жылынса, ай соңында түнде ауа температурасы +12 градусқа дейін төмендейді. Сондай-ақ өңірде қысқа мерзімді жаңбыр жауып, шаңды дауыл тұруы ықтимал.