
Көп адам кеш ұйықтауды қалыпты әдет деп санайды. Алайда мамандардың айтуынша, мұндай режим небәрі төрт апта ішінде ағза жұмысына кері әсер етіп, денсаулыққа елеулі өзгерістер әкелуі мүмкін.
Дәрігерлердің айтуынша, кешкі сағат 23:00-ден кейін ұйықтауға ыңғайланатын адамдар алғашқы аптаның өзінде-ақ қаттырақ шаршай бастайды. Бұл кезеңде ағзадағы мелатонин деңгейі төмендеп, күйзеліс гормоны саналатын кортизолдың мөлшері артады. Соның салдарынан мазасыздық күшейіп, тәбет те жиі ашылады.
Бір апта бойы кеш ұйықтасаңыз, ағзада қандай өзгерістер болады
Екінші аптада ағзадағы өсу гормонының бөлінуі азаяды. Бұл бұлшықеттердің қалпына келуін баяулатады, ал балаларда физикалық дамудың тежелуіне себеп болуы мүмкін.
Үшінші аптада миға кері әсері байқалады. Күні бойы жиналған уытты заттардан толық тазармайтындықтан, ми «өзін-өзі зақымдай» бастайды.
Төртінші аптадан бастап тәбетті реттейтін гормондардың жұмысы бұзылады. Тоқтық сезіміне жауап беретін лептиннің деңгейі төмендеп, аштықты күшейтетін грелин гормонының мөлшері артады. Соның салдарынан адам майлы әрі тәтті тағамдарды көбірек жегісі келеді. Сонымен қатар ішек микробиотасының тепе-теңдігі де бұзылады.

Ұйқы сапасын қалай жақсартуға болады
Дәрігер Сара Марин Барбелл ұйқының бұзылуынан туындайтын жағымсыз салдардың алдын алу үшін мынадай бес қарапайым, бірақ тиімді кеңес береді:
- Сағат 23:00-ге дейін ұйықтауға жатыңыз. Бұл ағзаның қалпына келуіне және зат алмасуға жауап беретін мелатонин гормонының қалыпты бөлінуіне көмектеседі.
- Жатын бөлмедегі температураны 18–20 градус аралығында ұстаңыз. Мұндай температура сапалы ұйқыға қолайлы.
- Ұйықтайтын бөлмені толық қараңғылаңыз. Қараңғылық ағзаның табиғи ұйқы ырғағын сақтауға ықпал етеді.
- Ұйықтардан кемінде бір сағат бұрын телефон, планшет және басқа да электронды құрылғыларды пайдаланбаңыз. Экраннан шығатын көк жарық ұйқы шақыратын гормондардың бөлінуін тежейді.
- Кешкі асты жеңіл ішіп, оны сағат 21:00-ге дейін аяқтаған жөн.

Кей жағдайда, тек дәрігердің кеңесімен ғана магний бисглицинаты, L-теанин, ашваганда немесе ұзақ әсер ететін мелатонин сияқты қоспаларды қолдануға болады.
Еске салсақ, осыған дейін қорылдан құтылудың қарапайым әдістері туралы жазған болатынбыз.