
Қыз ұзатып жатқан Алтынай Жорабаева тәтті шайда болашақ құдағиымен қалыңдықтың жасауы туралы қандай келісімге келгенін айтты.
Бесінші шілдеден кейін тойдың қамына кіріспек. Той мәселесі, қыздың жасауы жиырма күннің ішінде шешілуге тиіс. Айтуынша, бұған әнші әлі дайын емес. Тіпті киімдері де әзірленбеген.
«Алла қаласа, енді кірісемін. Дос-жаран, туған-туысым тұрғанда не қайғы, не мәселе?», – деді ол.
Алтынай Жорабаева тәтті шайда құдағиымен құдалық пен той, қалыңдықтың жасауы туралы өзара бір байлам жасағанын айтты.
«Болашақ құдағимен «киіт-миіт, бықи-тықи, ұсақ-түйек нәрселерді жасамай-ақ қоялық» деп келістік. Керекті, маңызды дүниелерді жасаймыз. Қыздың артынан баратын көрпе-төсек, сандық дегендер болмайды. Өзі пайдаланатын дүниелерді апарамыз деп шештік. Мата-сата, киім және қолдан қолға өтіп, ел аралап жүретін дүниеден бас тартамыз деп келістік. Сондықтан да уайымсыз отырмын», – деді әнші.
Алтынай Жорабаеваның айтуынша, сырға салу, қыз ұзату рәсімдеріне әзірлік керек. Осы күнге дейін бұл туралы ойлауға да қорқып келіпті. Тоғыздың қандай болатынын ағайын-туыстарымен енді ақылдаспақ.
Айта кететін жайт, Алтынай Жорабаева Түркиядағы ең қымбат тұрғын үйлердің бірінен пәтер сатып алған еді.