Comic Con 2026: Netflix-тің «One Piece» сериалының жұлдызы Астанаға келеді

Жарияланды 3 Шілде 2026 16:42

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
Иняки Годой / фото: One Piece

Comic Con Astana халықаралық фестивалінің ұйымдастырушылары жанкүйерлер үшін көптен күткен үлкен жаңалықты жариялады. Биылғы поп-мәдениет мерекесінің екінші хедлайнері – Netflix-тің әлемдік хитке айналған «One Piece» сериалында басты рөлді сомдаған мексикалық жас жұлдыз Иняки Годой болмақ.

Биыл бесінші рет жалауын желбірететін фестиваль 2026 жылғы 6–9 тамыз аралығында Астанада өтеді. Төрт күн бойы елорда кино, сериал, комикс, аниме және бейнеойын құмар қауымның бас қосатын бас орталығына айналады.

Жаңа буынның жарық жұлдызы

Эйитиро Оданың аты аңызға айналған мангасы желісімен түсірілген «One Piece» сериалы жарыққа шыққан сәттен бастап Иняки Годойдың есімі әлемге танылды. Оның кейіпкері жігерлі де қайсар қарақшылар капитаны Луффи қысқа мерзімде миллиондаған көрерменнің жүрегін жаулады.

Comic Con Astana аясында актер фестивальдің басты сахнасына шығып, жанкүйерлердің сұрақтарына жауап береді, сонымен қатар арнайы автограф және фотосессиялар өткізеді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін фестивальдің алғашқы хедлайнері ретінде «Тақтар таласы» сериалындағы Джейме Ланнистер рөлімен танымал даниялық актер Николай Костер-Вальдау жарияланған еді.

Алдыңғы жылдары фестиваль қонағы ретінде Мадс Миккельсен, Энди Серкис, Пилу Асбек секілді әлемдік жұлдыздар келген еді.

Сондай-ақ оқыңыз