Экономика

Қазақстандық Solidcore Resources Оманда алтын мен мыс іздейді

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандық Solidcore Resources алтын компаниясы (бұрынғы Polymetal International) Оман Сұлтандығының мемлекеттік «Minerals Development Oman» (MDO) компаниясымен бірлескен кәсіпорын құрды. Бұл – компанияның Қазақстаннан тыс алғашқы геологиялық барлау жобасы. Жаңа серіктестік Омандағы «Хабият» мыс-алтын жобасын зерттеу және дамытумен айналысады.

Тараптар «earn-in» моделі бойынша келісімге келді. Бұл жүйе геологиялық барлау нәтижесіне байланысты жобадағы үлесті кезең-кезеңімен арттыруға мүмкіндік береді.

Бірінші кезеңде Solidcore барлау жұмыстарына 8 млн доллар инвестиция салып, MDO компаниясына 2 млн доллар төлейді.

Осылайша бірлескен кәсіпорынның 20% үлесін иеленеді. Егер бұл кезең сәтті өтсе, компания тағы 20 млн доллар құйып, үлесін 45%-ға жеткізе алады.

Үшінші кезеңде Solidcore өз үлесін бақылау пакетіне, яғни 60%-ға дейін ұлғайту құқығына ие. Соңғы пакеттің құны кен орнында нақты расталған мыс баламасының көлеміне қарай анықталады.

«Хабият» жобасы орналасқан лицензиялық аумақ 84,5 шаршы шақырымды құрайды. Ол Сухар өнеркәсіптік портынан небәрі 29 шақырым жерде орналасқан. Бұған дейін жүргізілген бұрғылау жұмыстары ұзындығы 800 метрден асатын, ал жекелеген аймақтардағы тереңдігі 70 метрге дейін жететін мыс-алтын кен барын растаған.

Solidcore басшысы Виталий Несистің айтуынша, жоба Оманда болашақ тау-кен және өңдеу орталығын құрудың негізіне айналуы мүмкін.

Осы мақсатта 2026 жылдың сәуір айында «Solidcore Resources» құрылымына кіретін «Solidcore Eurasia» ЖШС АХҚО (Астана халықаралық қаржы орталығы) аумағында «Muscat Tower Business Centre Ltd» жаңа компаниясын тіркеді.

Solidcore 2023 жылы Джерси аралынан Қазақстанға көшіп, акцияларының негізгі листингін Лондоннан Астана биржасына (AIX) ауыстырған болатын.

Ал 2024 жылы АҚШ-тың санкциясына ілінбес үшін Ресейдегі барлық активтерін сатып жіберді. Қазіргі уақытта компания Қазақстанда алтын өндіру бойынша екінші орында тұр.

Бұған дейін Solidcore Ертіс бойындағы зауыт құрылысы үшін 600 млн доллар қарыз алатыны хабарланған.