
Конго Демократиялық Республикасында аса қауіпті эбола індетінен 600 адам қайтыс болды. Жұқпалы ауру елдің басқа да өңірлеріне тарап жатыр.
Конго ДР үкіметінің 8 шілде күні кешке жариялаған мәліметінше, осы уақытқа дейін 1759 адам эбола жұқтырған. Reuters мәліметінше, ауру елдің шығысындағы Итури, Солтүстік Киву және Оңтүстік Киву провинцияларында көп таралған.
8 шілдеде тағы 51 адамның ауру жұқтырғаны мәлім болды. Бір тәуліктің ішінде 20 адам індеттен көз жұмған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы аптада індетке қатысты жағдай әлі тұрақталмағанын мәлімдеген. Өйткені адамдар қозғалысынан ауру да тарап жатыр.
Конго Демократиялық Республикасы Африка құрлығының орталығында орналасқан, тоғыз елмен шектесіп жатыр.
Эбола – адам мен жануарлар үшін өте қауіпті вирус. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны ең қауіпті аурулар қатарына қосқан. Вирус адамның қан тамырларын зақымдайды. Соның салдарынан ішкі ағзалар зақымданып, қан кетеді.
Жұқпалы ауру ауа арқылы таралмайды. Бірақ қан, сілекей, тер, құсық, зәр секілді биосұйықтық арқылы өте тез жұғады.
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі эбола індетіне байланысты маңызды мәлімдеме жасаған.