
«Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркін аралап, таза ауада демалғысы келетіндердің қарасы жылдан-жылға көбейіп келеді. Сөзімізге көл маңындағы қонақүйлер мен қонақ қабылдайтын үйлердегі бөлмелерден қонақ үзілмейтіні дәлел бола алады.
Тянь-Шань жауһары аталып кеткен көлге қазақстандықтар ғана емес, алыс-жақын шетелден келетіндер де көп. Ұлттық парк директорының орынбасары Қайсар Хамитовтің айтуынша, Малайзия, Үндістан, Қытай, Жапониядан келетіндер де бар.
Көлсайға бару қанша тұрады?
Kursiv Media YouTube арнасында Көлсай мен Қайыңдыға баруға қанша қаражат кететіні, қалай демалуға болатыны көрсетілген видео жарияланды. Соған сәйкес, ұлттық парк аумағында демалу үшін міндетті түрде көп ақша жұмсаудың қажеті жоқ. Мұнда кез келген бюджетке лайық демалыс түрін табуға болады. Барлығы өз таңдауыңыз бен жайлылыққа қоятын талабыңызға байланысты.
Бірінші нұсқа – жайлы әрі ештеңеге алаңдамайтын демалыс. Жол талғамайтын көлікпен және жеке гидпен саяхаттайсыз. Төрт адамға арналған мұндай турдың құны шамамен 320 мың теңге. Бағаға экологиялық төлемдер, жайлы қонақүй және дәмді тамақ кіреді. Сонда екі күндік толыққанды демалыс бір адамға орта есеппен 80 мың теңгеден шығады.
Екінші нұсқа – туристік автобуспен бару. Бұл әлдеқайда қолжетімді. Бір адамға турдың бағасы небәрі 20 мың теңге. Оның ішінде жол ақысы мен Саты ауылындағы жайлы қонақүйде бір түн қону бар.
Ал ең үнемді жолды таңдасаңыз, достарыңызбен бірге жолға шығып, бензин мен азық-түлікке әрқайсыңыз 10 мың теңгеден жинайсыз. Шатырды көл жағасына тігіп, түнді самал жел мен жұлдызға толы аспанның астында өткізесіз.
Жұлдыз қонақтар
Көл маңындағы қонақүйдің бірінде Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген екі күн қонақ болған. Ол кезде әнші бейнебаян түсіру үшін ұлттық паркке барған.
Көпшілікке белгілі ресейлік журналист Юрий Дудь та дәл сол қонақүйге тоқтаған екен. Алайда қонақүй иесі бастапқыда ресейлік журналисті танымағанын айтады. Тек желіде жариялаған видеосынан кейін білген.
2025 жылы Telegram негізін қалаушы Павел Дуров әлеуметтік желіге Алматы облысындағы Көлсай көлінде суға түскен видеосын жариялаған еді. Парк қызметкерлері бұл жағдайға қатысты да пікір білдірді.
Айта кетейік, видеодан ұлттық парк аумағындағы қоқыстың қайда жіберілетінін, жолда қай жерге тоқтап, тамақтануға болатынын да біле аласыз. Сондай-ақ киіз үйді жалға алу, таза ауада туған күн өткізу де қарастырылған.
Бұған дейін Көлсай мен Қайыңды көлдеріне жазда 7-8 мың турист демалуға баратыны айтылды.