
2024 жылы үкімет пен Ұлттық банк теңге бағамын тұрақтандырып, ұлттық валютаға қолдау көрсету үшін шетелге шикізат сататын ірі компанияларға доллармен алған табысының 50 пайызын KASE-де сатуды міндеттеген.
Өйткені мұнай мен түрлі қазба байлықты шетелге экспорттайтын кәсіпорындар негізінен доллармен есептесетіні белгілі. Шикізат сатудан түскен долларды валюта нарығына шығарса, биржада доллардың үлесі артады. Ал ұсыныс көп болған жерде, көкқағаз құны да арзандап, теңге нығаяды.
Өткен аптада Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов енді компаниялар осы талаптан босатылатынын хабарлады. Өйткені кейінгі 8 айда теңге өзінің тұрақты валюта екенін дәлелдеген.
Сол күні биржадағы сауда-саттықта теңге бірден 2 пайызға құнсызданып, доллар бағамы 476 теңгеге жеткен. Ал 13 шілде күндізгі саудада доллар орта есеппен 477,11 теңгеге сатылды.
Дегенмен Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының сарапшылары бұл фактор алдағы уақытта теңге бағамына қатты әсер ете қоймайды деп тұжырымдайды.
Теңгеге бағамына кері әсері болмайды
ҚҚҚ дерегінше, квазимемлекеттік сектор ай сайын орташа есеппен 331 миллион доллар сатып келген.
Бұл – биржадағы жалпы сауданың 4,8%-ы. Сарапшылар мұны өте аз деп есептейді. Сондықтан міндетті сату талабы жойылса да, нарықтағы сұраныс пен ұсыныс теңгерімі қатты бұзылмайды.
Мамандардың пікірінше, қазіргі өсім – таза психологиялық фактор. Ұлттық банктің жаңалығы нарыққа қатысушылардың үрейі мен болжамына әсер етті.
Мұны қазір айырбастау орындарынан анық байқауға болады. Сонымен қатар, долларға деген сұранысты ірі инфрақұрылымдық жобалар да арттырып жатыр. Бұл жобалар үшін шетелден импорттық құрал-жабдықтар, техника мен лицензиялар сатып алынады.
Осы ретте Freedom Broker сарапшылары бұл жаңалықтан кейін доллар бағамының айтарлықтай құбылмалы болғанын атап өтті. Бірақ сала мамандары 2023 жылғы тәжірибеге сүйене отырып, бұл ереженің жойылуы жалпы курсқа аса қатты әсер ете қоймайды деп есептейді.