
Астана қаласының 13 жастағы тұрғыны Жасмина Түзелова «Славян базары» халықаралық ән байқауының алғашқы күні ең жоғары ұпай жинап, көш бастады. Жас әншілер бәсекесі Витебск (Беларусь) қаласында өтіп жатыр.
19 елдің әншісі қатысып жатқан байқаудың алғашқы күні қазақ қызы «Саржайлау» әнін нақышына келтіріп орындады. Қазылар алқасының алты мүшесі де Түзелованың өнерін ең жоғары ұпайға бағалады.
Осылайша 60 ұпай жинаған Жасмина суырылып алға шықты. Әзірге екінші орында тұрған румыниялық Лючия Байкудың 58 ұпайы бар.
15 шілдеде жас әншілер тағы бір ән орындайды. Жарыс жеңімпазы 5 мың долларға ие болады.

2013 жылғы қаңтарда Астана қаласында туған Жасмина Түзелова қазір елордадағы жекеменшік мектептердің бірінде, жетінші сыныпта оқиды. Дарынды әншінің «NE PROSTO ORCHESTRA» тобының солисі екенін де айта кеткен жөн.
Жасмина бұған дейін де түрлі байқауларға қатысып, көпшілікке танылып үлгерген. Мәселен, ол 2022 жылы «CENTRAL ASIA’S GOT TALENT» жобасының жартылай финалына шықса, 2023 жылы «Қазақстан Дауысы Балалар» жобасының суперфиналында өнер көрсетті.
Естеріңізге сала кетейік, осы аптада бес оқушы халықаралық физика олимпиадасында алтын медаль ие болды. Оларды әуежайда оқу-ағарту министрінің өзі күтіп алды.