
«KIA Qazaqstan» компаниясы 2025 жылы 5,8 млрд теңге шығынға батты. Бұл көрсеткіш көлік құрастыратын зауыттың іске қосылуы және өндірістің алғашқы кезеңіндегі шығындарымен тікелей байланысты. Бұл туралы компанияның қаржы есебінде жазылған.
«KIA Qazaqstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2023 жылы құрылған. Кәсіпорын Қостанай қаласында орналасқан зауытында КIA маркалы автокөлік құрастырады.
Автокөлік құрастыру зауытының құрылысы 2025 жылдың қыркүйек айында толық аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл зауыттың алғашқы толық өндірістік циклінің басталуына негіз болды.
Зауыт бірнеше стратегиялық серіктеске тиесілі. Акцияларының 50 пайызы «КИА Ресей және ТДМ» жауапкершілігі шектеулі қоғамының иелігінде. Бұл компанияның түпкі заңды иесі – Оңтүстік Кореяның трансұлттық «Kia Corporation» концерні.
Кәсіпорынның тағы 40 пайыз үлесі «Laurus Invest» серіктестігінің меншігінде. Ал бұл құрылымның түпкілікті иелері ретінде Салтанат Сарсембаева, Алексей Богатов, Александр Лаврентьев және Андрей Лаврентьев тіркелген.
Қалған 10 пайыздық үлес мемлекеттік «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына қарайды.
2025 жылы зауыттың жалпы қаржы түсімі, яғни сатудан түскен түсімі 28,6 млрд теңгені құрады. Алайда шығарылған өнімнің өзіндік құны бұл сомадан асып кетіп, 28,9 млрд теңгеге жетті. Осыған байланысты кәсіпорын 239 млн теңге жалпы шығынға ұшырады.
Оған қоса зауыттың жұмысын қамтамасыз ету үшін 5,7 млрд теңге әкімшілік шығын жұмсалды. Өнімді нарыққа өткізу және коммерциялық мақсаттар үшін тағы 2 млрд теңгеге жуық қаражат бағытталды.
Кәсіпорынның басқа да операциялық шығыны 5,6 млрд теңгені құрады. Осы шығындардың барлығы жиналып, салықты шегергенде, компанияның таза шығынын 5,8 миллиард теңгеге жеткізді.
Қаржы есебі бойынша, зауыттың жалпы активтері 231,2 млрд теңге болды. Кәсіпорынның меншікті капиталы 126,1 млрд теңге деңгейінде қалыптасты. Сонымен қатар компанияның жалпы міндеттемелері 105,1 млрд теңгеге тең.
Міндеттемелердің негізгі бөлігін жеткізушілер алдындағы сауда қарызы құрап отыр. Зауыт басшылығы алдағы уақытта 30 мың автокөлік құрастырып сату және бас компания тарапынан берілген 150 күндік пайызсыз төлем мерзімін ұзарту мүмкіндігін пайдаланып, қаржы жағдайын толық тұрақтандыруды жоспарлап отыр.
Зауыт 2026 жылдың үш айында 4 640 автокөлік шығарған.