Үш жылдық үзілістен кейін: Ерке Есмахан «Дауыс» атты жаңа альбом шығарды

Жарияланды 19 Шілде 2026 14:52

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
фото: instagram

Ерке Есмахан шығармашылық үзілістен кейін сахнаға қайта оралатынын ресми түрде жариялады. Үш жыл бойы декреттік демалыста болып, отбасылық өмірге көңіл бөлген өнерпаз тыңдармандарына үлкен шығармашылық жаңалығын сүйіншіледі.

Әншінің айтуынша, декретте отырған үш жыл ішінде жинақталған, бұған дейін еш жерде жарық көрмеген су жаңа туындылары енді бір үлкен альбом болып шығады.

«Сен менің сүйікті жарым, балаларымның анасы, әулетімнің келіні ғана емес, халықтың ерке әнші қызысың», – деп күйеуім шығармашылығымды шыңдауға қанаттандырып жіберді. Сөйтіп: «Жаным, жарқырап, ән сал», – деп, өнерге жаңа леппен оралуыма шабыт берді», — деп ағынан жарылды әнші.

Әнші мен оның шығармашылық тобы соңғы алты ай бойы үздіксіз дайындық үстінде болған. Нәтижесінде көрермен назарына толыққанды визуалды және аудио туындылар жол тартпақ.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ерке Есмахан Баян Алагөзовамен құдағи болғысы келетінін айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз