Экономика

Ресей бюджетінің тапшылығы 7 трлн рубльден асуы мүмкін

Ресей бюджетінің тапшылығы артты / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Ресей бюджетінде ақша жетіспеушілігі күшейіп барады. Сарапшылардың болжамынша, 2026 жылдың соңында қазына тапшылығы 7 трлн рубльден асып, жалпы ішкі өнімнің шамамен 3%-ына жетуі мүмкін. Бұл ресми жоспардан бір жарым есеге жуық көп.

Жылдың алғашқы алты айында бюджет тапшылығы 5,73 трлн рубльге жетіп үлгерді. Салыстыру үшін айтсақ, билік бастапқыда бүкіл жылға небәрі 3,79 трлн рубль тапшылық жоспарлаған. Кейін болжам 4,83 трлн рубльге дейін көтерілді, бірақ сарапшылар нақты көрсеткіш одан да жоғары болады деп отыр.

Мәселенің бір ұшы мұнай мен газға тіреледі. Ресей бюджетіне энергетикалық ресурстардан түсетін ақша азайған. Қаңтар–маусым аралығында мұнай-газ кірісі өткен жылмен салыстырғанда 22,7%-ға төмендеп, 3,66 трлн рубль болған. Ал мемлекеттік шығын керісінше өсіп жатыр.

Қарапайым айтқанда, қазынаға жоспарланған ақша толық түспей жатыр, бірақ мемлекеттің жұмсайтын шығыны азаймаған. Осы алшақтық жыл соңына дейін сақталса, тапшылық 7 трлн рубльден де жоғары болуы ықтимал.

Үкімет бұл айырманы қарыз алу арқылы жабуға мәжбүр болуы мүмкін. Алайда бюджет шығынының ұлғаюы инфляцияны күшейтіп, Ресей орталық банкінің пайыздық мөлшерлемені тез төмендетуіне кедергі келтіреді. Сондықтан бюджеттегі мәселе тек мемлекетке емес, кредит алып отырған бизнес пен қарапайым халыққа да әсер етуі мүмкін.

Тағы да оқыңыз: ЕуроОдақ Ресейге қысымды күшейткісі келгенімен, ұйым ішіндегі бірлікті сақтау қиындап барады.