Экономика

Ресейдегі Wildberries қоймаларына тағы шабуыл жасалды: зардап шеккендер бар

Wildberries-ке шабуылы / фото: The Moscow Times

Wildberries компаниясының Ресейдің оңтүстігіндегі екі ірі логистикалық орталығы шабуылға ұшырады. Оқиға 22 шілдеге қараған түні Краснодар мен Ставрополь өлкесіндегі Невинномысск қаласында болған.

Компанияның негізін қалаушы Татьяна Кимнің айтуынша, қоймалардағы қызметкерлер жедел эвакуацияланған. Соған қарамастан, зардап шеккен адамдар бар. Оларға қажетті көмек көрсетіледі. Қазір Wildberries мамандары төтенше жағдайлар қызметімен бірге шабуыл салдарын жоюға кірісті.

Краснодардағы қойма аумағынан қою түтін көтерілген. Жергілікті билік қойма кешенінде он адамның жараланғанын хабарлады. Өртті сөндіруге тікұшақ пен жүзден астам маман жұмылдырылған. Компания әзірге қоймаларға келген шығынның көлемін және оқиғаның тапсырыстарды жеткізуге қалай әсер ететінін айтқан жоқ.

Бұл – Wildberries нысандарына бір аптаға жетпейтін уақыт ішінде жасалған екінші ірі шабуыл. 18 шілдеде Электросталь мен Котовск қалаларындағы қоймаларға дрондар соғылып, сегіз қызметкер қаза тапқан, ондаған адам жараланған еді. Сол кезде компания бүлінген қоймалардағы тауарларды уақытша сатылымнан алып, жеткізілімдерді басқа орталықтарға бағыттаған.

Wildberries Ресейдегі ең ірі маркетплейстердің бірі. Сондықтан оның негізгі қоймаларындағы кез келген үзіліс мыңдаған сатушының жұмысына және тапсырыстардың жеткізілу мерзіміне әсер етуі мүмкін.