Экономика

Wildberries қоймаларына шабуыл жалғасып жатыр

Cанкт-Петербург маңындағы Ленинград облысында орналасқан қойма өртенді / фото: Euronews

Ресейдің ең ірі онлайн сауда алаңы Wildberries тағы бір логистикалық орталығынан уақытша айырылды. 24 шілдеге қараған түні Санкт-Петербург маңындағы Ленинград облысында орналасқан компания қоймасынан өрт шықты.

Облыс губернаторы Александр Дрозденконың айтуынша, өрт украиналық дрон шабуылынан кейін басталған. Оқиға салдарынан үш адам жарақат алды. Оқиға орнынан түсірілген видеоларда қойма аумағынан қою қара түтін көтерілгені көрінеді.

Шабуылдан кейін Wildberries Ленинград облысындағы екі логистикалық нысанның жұмысын уақытша тоқтатты. Қауіпсіздік мақсатында компания Қырымдағы қоймалардың бірінен де қызметкерлерді эвакуациялаған.

Бұл 18 шілдеден бері Wildberries инфрақұрылымына жасалған бесінші шабуыл. Бұған дейін компанияның Мәскеу, Тамбов, Краснодар, Ставрополь және Воронеж өңірлеріндегі қоймалары зардап шекті. Бірнеше нысанда жұмысшылар қаза тауып, ондаған адам жараланған.

Соңғы шабуылдардың салдарынан Wildberries-тің жалпы қойма қуатының шамамен 10%-ына тең логистикалық инфрақұрылымның жұмысы бұзылған. Зақымданған немесе уақытша жабылған қоймалардың жалпы аумағы 552 мың шаршы метрге жуықтайды.

Украина тарапы бұл нысандар Ресейдің әскери жеткізу тізбегіне қатысы бар деп мәлімдейді. Ресей мен Wildberries мұндай айыптауларды жоққа шығарып отыр. Алайда қоймалардың бірінен кейін бірі істен шығуы компанияның жеткізу мерзіміне, сатушылардың тауар қорына және Ресейдегі онлайн сауда нарығына қосымша қысым түсіруі мүмкін.