
С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының белді актрисасы, Мәдениет қайраткері Бижамал Кемалова ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін дүниеден озды. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлады.
Кемалова өзінің саналы ғұмырын киелі сахнаға арнаған өнер майталманы еді. Ол өткен ғасырдың 1980 жылдарының басында Қарағандыдағы Сейфуллин театрына келіп, еңбек жолын бастаған.
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері сахнада өзіндік стилі мен жоғары актерлік шеберлігін қалыптастырып, театрдың мақтанышына, кейінгі толқын жастардың ақылшы ұстазына айналған болатын. Ол театр сахнасында қазақ арулары мен қыз-келіншектерінің, парасатты ел аналары мен әжелердің сан алуан шынайы бейнесін сомдады», – делінген хабарламада.
Актрисаның сомдаған рөлдері:
- Биғаным – «Досымның үйленуі»
- Мөржан – «Қарагөз»
- Сұйімқан – «Ғашықтың тілі»
- Воронкова – «Қайран жас дәурен»
- Ақдидар – «Аққу сезім»
- Шахрабану – «Мусье Жордан»
- Мисс Йорк – «Тәнге түскен раушангүл»
Сонымен қатар, актриса елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрының негізін қалаушы ардагерлердің бірі ретінде де өнер тарихында қалды.