
Алтынай Жорабаева қызын ұзатып, жүрек тебірентерлік әсерлі сәтімен бөлісті. Танымал әнші аналық ақжарма тілегін білдіріп, қызына арнайы ән арнады.
Ана жүрегінен шыққан ақ тілек
Өнер иесі қызының ұзату тойындағы қуанышымен бөлісіп, әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады.
«Қызым, кеше ғана кішкентай алақаныңмен менің саусағымнан ұстап, алғашқы қадамыңды жасаған едің. Бүгін сол қолыңды өмірлік жарыңа ұстатып тұрмын… Есіңде болсын, байлық – дүниеде емес, отбасының бірлігінде. Бақыт – салтанатта емес, сыйластық пен сүйіспеншілікте», – деп жазды Алтынай Жорабаева.
Сонымен қатар өнер иесі барған жерінде бағы жанып, жолдасы екеуі бір-біріне пана болуын тіледі. Басқа балаларына да батасын беріп, бес қызының әрдайым бір-біріне сүйеніш, тірек болуын қалайтынын айтты.
Той соңында әнші сыңсу айтып қызын өзі шығарып салды. Желі қолданушылары мен оқырмандар бұл әсерлі көрініске тәнті болып, жас жұбайлар мен өнер иесіне өздерінің ақ тілектерін жаудырды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алтынай Жорабаеваның құдалары қалыңмалға 15 млн теңге алып келген еді.