Health

Онкологияның алдын алатын вакцинаның жаңа түрі жеткізілді: кімге тегін салынады

Енді қыздарға инфекцияның тоғыз түрінен қорғайтын вакцина салынады/фото: shutterstock

Қазақстанға адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы «Гардасил-9» вакцинасы жеткізілді. Ол жатыр мойны обыры мен басқа да онкологиялық ауруларды тудыруы мүмкін инфекцияның тоғыз түрінен қорғайды. Вакцина 11-13 жастағы қыздарға тегін салынады.

«СҚ-Фармация» ЖШС хабарлауынша, адам папилломасы вирусына қарсы америкалық «Гардасил-9» вакцинасының 249 952 дозасы сатып алынған. Ол АПВ-ның 6, 11, 16, 18, 31, 33, 45, 52 және 58 типінен қорғайды. 

«Қазақстанға бірінші партиямен 155 589 доза 2026 жылдың маусымында жеткізілді. Денсаулық сақтау басқармалары бекіткен кестеге сәйкес, оның 92 959 дозасы өңірлерге жөнелтілді. Қалған бөлігі өңірлерге тамызда жеткізіледі», – деп хабарлады «СҚ-Фармация».

Ал екінші партия Қазақстанға қазанда жеткізіледі деп жоспарланған. Ол жерде 94 мың доза вакцина болады. Әрі қарай өңірлерге қарашада тасымалданады.

Қазақстан бұған дейін 11-13 жас аралығындағы қыздарға төрт валентті (вирустың төрт типінен қорғайтын) вакцинаны салды. Ол АПВ-ның 6,11,16 және 18 түрінен қорғайды.

Ал мамандар АПВ-ға қарсы вакцинаны 40 жасқа дейін салдыруға болатынын айтады. Мамандардың пайымдауынша, бұл жастан асқандар аталған вирусты жұқтырған болып есептеледі. Денсаулық сақтау министрлігі 9-14 жаста салуды ұсынып отыр.

Адам папилломасы вирусы – жатыр мойны мен жыныс мүшелері қатерлі ісігінің дамуына себеп болатын вирус. Оның 200-ден аса түрі бар. Оған қарсы вакцина мектептерде 11-13 жастағы қыздарға тегін салынады. Ал басқа азаматтар өз қалауы бойынша ақылы түрде салдыра алады.

Бұған дейін желіде Гардасил 9 вакцинасын ақылы түрде салдыру туралы ақпарат тарады. Соған сәйкес бір дозасының құны – 135 мың теңге. Екі дозасы – 250 мың теңге, ал үш дозасы 350 мың теңге деп көрсетілген.

Одан бөлек 2028 жылдан бастап ұл балаларды адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы егу жоспарланып отыр