Freedom Ticketon Канье Уэст концертіндегі арзан билеттерге қатысты жауап берді

Жарияланды 31 Шілде 2026 17:02

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
коллаж: kursiv.media

Желіде Канье Уэст концертіне арзан билеттердің сатылымға кейін шығуына байланысты көрермендер тарапынан сұрақтар туындаған еді. Осыған орай Ticketon билет операторы ресми мәлімдеме жасап, жағдайдың мән-жайын түсіндірді.

Резервтегі орындар мен техникалық жабдықтар

Оператордың хабарлауынша, концертті жобалаудың бастапқы кезеңінде трибунадағы орындардың белгілі бір бөлігі шоуға қажетті техникалық конструкцияларды орнату үшін резервте ұсталған. Сол себепті бұл орындар бастапқы сатылымға шығарылмаған.

Алайда дайындық барысында ұйымдастырушылар мен техникалық команда ақылдаса келе, жабдықтардың бір бөлігін стадионның ортасынан тыс жерге көшіру туралы шешім қабылдаған. Нәтижесінде бұған дейін резервте тұрған қосымша орындарды босатып, сатылымға шығаруға мүмкіндік туған.

Халықаралық стандарт және көрерменге түсіністік

Ticketon өкілдері мұндай тәжірибе әлемдік деңгейдегі ауқымды концерттерге тән стандартты практика екенін ескертті. Техникалық схема толық айқындалғаннан кейін орындарды кезең-кезеңімен ашу қалыпты жағдай.

Сонымен қатар компания билеттерді ерте сатып алған көрермендердің реніші мен сұрақтарын түсінетіндерін айтты. Дегенмен бұл орындардың ашылатынына алдын ала кепілдік беру мүмкін болмағанын, шешім тек техникалық жоспар толық нақтыланғаннан кейін ғана қабылданғанын атап өтті.

Айта кетейік, 14 тамыз күні Алматыда Канье Уэсттің концерті өтеді. Билеттерді Freedom Ticketon сайтынан сатып алуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз