Экономика

Қазақстанда қай акция ең көп табыс әкелді: 14 компанияның нәтижесі

Отандық компаниялардың акция бағаларының өзгерісі / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Қазақстан қор нарығында шілде айының қорытындысы әркелкі болды. Бірқатар акция бір ай ішінде айтарлықтай өскенімен, олардың жыл басынан бергі нәтижесі әлі де теріс болып отыр. Ал кейбір қағаздар шілдеде арзандағанына қарамастан, қаңтардан бері инвесторларға табыс әкелді. Kursiv Media отандық акциялардың баға өзгерсін талдап көрді.

Инфографика: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Өсім көрсеткендер

Жыл басынан бергі ең жоғары өсім ҚазМұнайГаз акциясында тіркелді. KMGZ бағасы 5 қаңтардағы 21 919 теңгеден 31 шілдеде 34 772 теңгеге дейін көтеріліп, 58,64%-ға қымбаттады. Екінші орында Poly акциясы тұр — оның бағасы 42,63%-ға өсті. FRHC акциялары жыл басынан бері 20,28%-ға, ал ҚазТрансОйл қағаздары 16,17%-ға қымбаттады.

Шілденің өзінде ең жақсы нәтиже FRHC акциясында болды. Оның бағасы бір айда 16,78%-ға өсті. Poly акциялары 12,50%-ға, Қазақтелеком 8,03%-ға, Air Astana 5,07%-ға және Halyk Bank 4,80%-ға қымбаттады.

Шілде айы өсім көрсеткенімен, қаңтардағы көрсеткіштен де төмен

Алайда бір айлық өсім әрдайым жыл басынан бергі шығынды өтей алмады. Мысалы, Қазақтелеком акциялары шілдеде 8,03%-ға көтерілгенімен, жыл басынан бері әлі де 2%-ға төмен. Air Astana қағаздары бір айда 5,07%-ға өскенімен, қаңтармен салыстырғанда 22,37%-ға арзан. KEGOC акциялары да шілдеде аздап, 0,13%-ға өсті, бірақ жыл басынан бері 7,03%-ға төмендеді.

Керісінше, кейбір акциялар шілдеде арзандағанымен, жыл басынан бергі нәтижесін оң деңгейде сақтап қалды. Қазатомөнеркәсіп акциялары бір айда 7,26%-ға төмендеді, бірақ жыл басынан бері 8,23%-ға қымбат. ҚазТрансОйл шілдеде 2,52%-ға арзандағанымен, қаңтардан бері 16,17% өсім көрсетіп отыр. Kaspi.kz акцияларының шілдедегі төмендеуі небәрі 0,27% болды, ал жыл басынан бергі өсімі 3,27%-ды құрады.

Төмендегендер

Ең әлсіз нәтиже ForteBank акциясында тіркелді. ASBN бағасы жыл басынан бері 41,29%-ға төмендеді. GB Altyn акциялары 34,32%-ға, ал Air Astana қағаздары 22,37%-ға арзандады. Осылайша, жылдың алғашқы жеті айында мұнай-газ секторындағы акциялар көш бастаған болса, банк және авиация секторындағы жекелеген қағаздар қысымға түсті.