«Сонда әртіс депутат бола алмай ма»: Баян Алагөзова жиені Аша Матайға қолдау білдірді

Жарияланды 4 Тамыз 2026 17:06

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
фото: insatgram

Танымал продюсер Баян Алагөзова депутаттыққа үміткер болған жиені, әнші әрі тележүргізуші Аша Матайдың төңірегіндегі соңғы дау-дамайға байланысты пікір білдірді.

Продюсер әлеуметтік желіде арнайы видеожазба жариялап, Аша Матайдың мансабындағы барлық жетістікке ешкімнің көмегінсіз, өз еңбегімен жеткенін атап өтті.

«Әртістер неге шеттетілуі керек?»

Баян Мақсатқызы қоғамдағы өнер адамдарына қатысты қалыптасқан сыни көзқарасқа ренішін білдірді.

«Заңгер, мұғалім, дәрігер депутат бола алады да, неге әртіс депутат бола алмайды? Басқалардан заңды, бюджеттің қалай бөлінетінін сұрап керек емес те, тек мәдениет саласының адамдарынан сұрау керек пе? Неге елдің бәрі әншілер мен әртістерді депутаттыққа лайықсыз деп санайды?»

«Ашаға қазір өте ауыр»

Продюсердің айтуынша, бұл жағдай Аша Матайға психологиялық тұрғыдан өте ауыр тиіп жатыр. Қоғамның қатаң сын-ескертпелері мен желідегі «хейт» оның жанына батқан.

«Қазір оған өте ауыр. Ол осы жолда жалғыз өзі қалғандай болып отыр. Мен оны бәрібір жақсы көремін және қолдаймын. Депутат болса да, болмаса да – ол мен үшін лайықты адам. Ол нәзік әйел, екі баланың анасы», – деді Баян Мақсатқызы.

Сондай-ақ Баян Мақсатқызы елдегі әйелдердің құқығы мен отбасылық зорлық-зомбылық мәселелеріне де тоқталып өтті. Ол жылдар бойы екі реабилитациялық орталықты ұстап, әйелдер теңдігі үшін күресіп келе жатқанын еске салды.

Продюсердің пікірінше, қоғамда әлі де әйелдерге екінші сұрыпты өкіл ретінде қарау басым және бұл ащы да болса шындық.

Бұған дейін, Аша Матайдың өзі депутаттықтан бас тартпай, соңына дейін баратынын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз