
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары банк секторына жасаған шолуында экономиканы қаржыландырудың артқанын атап өтті. Жылдың алғашқы алты айында банктер 20,4 трлн теңге көлемінде несие ұсынып, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 8,6%-ға өсті.
Алайда өсім толығымен бизнес секторының (+20,7%) есебінен орын алды, ал бөлшек несие беру керісінше төмендеді (-3,6%). Кәсіпкерлердің айналым қаражатына деген сұранысы мен инвестициялық жобалары жаңа берілген несиелердің басым бөлігін (55,9%) қамтамасыз етті.
Бөлшек нарықтағы тыныштық
Халыққа берілетін несиенің азаюына тұрғындардың табысының азаюы, тұтынушылық кредитке қойылған талаптардың қатаңдауы және жоғары пайыз әсер етті.
Нәтижесінде ұзақ жылдан бері алғаш рет жаңа борышкерлер саны 32 мың адамға азайып, банктер жаңа клиент тартуға емес, бұрыннан келе жатқан сенімді клиенттерге басымдық бере бастады.
Сонымен қатар корпоративтік салаға берілген несиелердің 63,8%-ы қысқа мерзімді (1 жылға дейін) болғандықтан және бұрынғы қарыздардың өтелуіне байланысты, банктердегі жалпы несие портфелі (+4,3%) несие айналымы сияқты жылдам өсе алған жоқ.
Табыс азайып кетті
Есепті кезеңде банктер үшін басты қаржылық кедергі – ресурс тарту нарығының артуы болды. Оған қоса, салық жүктемесінің өсуі (КТС бойынша төлемдер 11,1%-ға артып, 273 млрд теңгеге жетті) сектордың таза пайдасының төмендеуіне әкеліп соқты.
6 айда Қазақстандағы 23 банк 1,2 трлн теңге таза пайда алған. Бұл 2025 жылдың І жарты жылдығымен салыстырғанда 14 пайызға аз.
Бизнес тарапынан бос ақшаның азаюы корпоративтік салымдардың баяулауына (+0,5%) соқтырып, банктерді халық депозитіне (+6,7%) көбірек тәуелді етті. Мұндай бәсекелестік пен маржаның азаюына қарамастан, банк секторы өзінің тұрақтылық қорын толық сақтап отыр.
Себебі сапасыз несие үлесі (NPL 90+) 4,1% деңгейінде бақылауда болса, банктердің меншікті капиталы 5,6%-ға өсіп, экономиканы одан әрі қаржыландыруға толық мүмкіндік береді.