
«Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағына Үміт атты Амур жолбарысы жіберілгеннен кейін желіде әзілге құрылған небір видео тарай бастады. Халық шығармашылығынан туған кей видеоларды төменде ұсынамыз.
Мәселен, «Халықтың Жәнібегі» деп аталатын парақшада «Екінші жолбарысты жіберді» деген атаумен шыққан видео қысқа уақытта 4 млн-ға тарта қаралым жинаған. 140 мың қолданушы лайк басып, 166 мың рет бөлісілген. Жазылған 12 мыңнан астам пікірге қарағанда әзіл көптің көңілінен шыққанға ұқсайды.
«Әзіресе осы жолбарыстан сақ болу керек», «Амур емес, ауыл жолбарысы екен», «сирек кездесетін жолбарыс», «мынау қауіпті екен», деп қалжыңды қалжыңмен жалғап жатқандар көп.
Келесі әзіл видеода тағы жануардың санын көбейту үшін екі ұрғашы жолбарыс жіберілгені айтылады. Желідегі жұрт қалжыңды жақсы бағалап, «актерлердің» ойынын ерекше атап өтіп жатыр.
Ал мына видеода Үміт жолбарысты жасанды интеллект арқылы сөйлетіп қойған.
Видео бірнеше күнде 3 млн-ға жуық қаралым жинап үлгерді. Ол жерде жабайы табиғатқа жіберілген жолбарыстың «енді не істеймін» деген уайымы көрсетілген.
Тұран жолбарысының ізбасары
Тарихи деректерге сүйенсек, Оңтүстік Балқаш өңірі мен Іле өзенінің бойы бұрын Орталық Азиядағы ең ірі жыртқыш – Тұран жолбарысының табиғи мекені болған. Алайда ХХ ғасырдың ортасында тоғайлы ормандардың оталуы, азық қорының азаюы және браконьерлік салдарынан жыртқыш толықтай жойылып кетті.
Заманауи молекулалық-генетикалық зерттеулер жойылған Тұран жолбарысы мен Амур жолбарысының генетикалық тұрғыдан өте жақын екенін дәлелдеген. Сол себепті ғылыми қауымдастық Амур жолбарысын қайта жерсіндіру жобасы үшін ең қолайлы түр ретінде таңдап алды.
10 жылда Балқаштағы табиғи экожүйе толық қалпына келтірілді. Жолбарыстың басты азығы саналатын жабайы тұяқты жануарлар саны арттырылды. Жануарларды ұстауға, бейімдеуге арналған арнайы вольерлер мен ғылыми мониторинг жүйесі құрылды.
Үміттің табиғатқа басқан қадамы
2026 жылғы мамыр айында Ресейден Қазақстанға табиғи ортадан ауланған төрт Амур жолбарысы (екі ересек және 6-7 айлық шөнжік ) жеткізілген еді. Тағы хайуандарды жеткізуге Freedom Holding Corp. демеушілік еткен.
Табиғатқа жіберілер алдында Үміт есімді ұрғашы жолбарыс кешенді ветеринариялық тексеруден өтіп, аңшылық қабілеті мен адамға реакциясы тексерілді. Жайлы бейімделуден соң оған заманауи GPS/GSM спутниктік қарғыбауы тағылып, табиғи ортаға жіберілді. Мамандар оның қозғалысы мен әрекетін фототұзақтар мен спутник арқылы тәулік бойы бақылап отыр.