«Беті бері қарады»: Сәкен Майғазиев Кенжебек Жанәбіловтің халін біліп қайтты (видео)

Жарияланды 11 Тамыз 2026 15:35

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
фото: instagram

Музарт тобының әншісі Сәкен Майғазиев жүрек ұстамасынан кейін ауруханаға түскен әріптесі Кенжебек Жанәбіловтің халін біліп қайтты.

Сәкен Майғазиевтің айтуынша, қазіргі уақытта Кенжебектің жағдайы біршама тұрақталғанымен, әріптесі үлкен күтімді қажет етеді. Әнші «Еренсау» клиникасының дәрігерлеріне алғыс білдіріп, білікті маман Алмат Егізековтің жіті қадағалауында екенін атап өтті.

«Екі күн бұрын қатты қысылып, приступ беріпті. Бүгін беті бері қарапты. Алайда үлкен күтімді қажет етеді дейді мамандар. Бүкіл Қазақстанның жоғары дәрежелі кардиологтарымен консилиум жасап, ортақ шешімге келу керектігін айтты. Бір сөзбен айтқанда, «жеті рет өлшеп, бір рет кесу керек» дейді», – деп жазды Сәкен Майғазиев.

Операция жасалса, сахнадан уақытша қол үзеді

Мамандардың болжамынша, егер әншіге ота жасалатын болса, ол 3-4 ай бойы сахнаға шықпай, емделуі әрі демалуы тиіс болады.

Сәкен Майғазиев өз жазбасында ауырған адамның көңілін сұрап, қуаныш сыйлаудың маңыздылығын атап өтіп, елден Кенжебек Тұрсынбайұлы үшін дұға етуді өтінді:

«Кенжебек Тұрсынбайұлына дұға жасап қоялық. Алла шипа берсін. Ауырып жатқан жанның ұнжырғасын түсіре бермей, күлкіге көмкеріп, көңіл-күйін көтеріп кету сауапты амалдардан екен. Құлан-таза жазылып, аттай шауып жүрсін. Сіздерге де мықты денсаулық тілейміз, Қазақ елі!»

Еске сала кетейік, 7 тамыз күні Кенжебек Жанәбіловтің денсаулығы сыр беріп, жансақтау бөліміне түскен еді.

Сондай-ақ оқыңыз