
Қазақстандық блогер әрі актер Мейіржан Төребаев «Mudarabah Capital» пирамидасынан зардап шеккен адамдардан кешірім сұрады. Бұл туралы журналист Мая Бекбаеваға берген сұқбатында айтты.
«Уақытты кері айналдыра алмаймыз. Бірақ маған сеніп, менің жарнамама сеніп, осы жағдайға тап болған барлық адамдардан кешірім сұраймын. Соттағы соңғы сөзімде де кешірім сұрағанмын. Қазір де айтқым келеді арам ойым болған жоқ. Осылай болғанына қатты өкінемін», – деді блогер.
Айтуынша, ол осы жағдайдан өзі зардап шекті. Түрмеде отырып, балаларының өскенін көрмей, жарына қиындық түсіп, анасының денсаулығы нашарлаған.
Блогер өзінің бұл пирамидаға қалай тап болғанында айта кетті. Сөзіне сүйенсек, ол «хәлал бизнеспен айналысамыз», «мұсылмандарға ақша табуға көмектесеміз» деген адамдардың сөзіне сеніп қалған.
Айта кетейік, 2023 жылдың 23 маусымында Алматы қаласының Алмалы ауданы соты Мейіржан Төребаевты «Mudarabah Capital» қаржы пирамидасын құрды және басқарды деген айыппен 5 жылға бас бостандығынан айырған. Ол 2026 жылдың наурызында бостандыққа шықты.