«Өрмекші адам» 2 млрд доллар жинады: Том Холландтың фильмі жаңа рекорд орнатты

Жарияланды 17 Тамыз 2026 11:37

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General news бөлімінің аға журналисі a.serikkhan@kursiv.media
Фото: Трейлер кадрынан үзінді

Том Холландтың қатысуымен түсірілген «Өрмекші адам: жаңа күн» әлемдік прокатта нағыз сенсация жасап жатыр. Фильм небәрі үш аптада 2 млрд доллардан астам қаржы жинап, кино тарихындағы ең табысты жобалардың қатарына қосылды. Ең қызығы – бұл межеге жеткен фильмдер арасында «Өрмекші адамның» (Spider-Man) алдында бір ғана картина тұр, деп жазады Kursiv.Media.

Үш аптада – 2 млрд доллар

Variety мәліметінше, фильм Солтүстік Америка прокатынан 785 млн, ал халықаралық нарықтардан тағы 1,23 млрд доллар табыс тапқан. Осылайша жалпы кассалық түсім 2,022 млрд долларға жетті.

Бұл нәтижемен «Өрмекші адам: жаңа күн» тарихта 2 млрд доллар межесінен асқан сегізінші фильм атанды.

Алайда бұл рекордтың ең қызық тұсы – фильмнің межеге қаншалықты жылдам жеткенінде. «Өрмекші адам» 2 млрд долларды небәрі үш аптада жинаса, «Кек алушылар: Финал» (Мстители: Финал)одан да жылдам нәтиже көрсеткен жалғыз фильм. Ол бұл межеге 11 күнде жеткен.

«Өрмекші адам» кімдерді басып озды

2 млрд доллардан астам табыс тапқан фильмдер тізімінде бұған дейін «Аватар», «Аватар: Су жолы», «Титаник», «Жұлдызды соғыстар: Күштің оянуы» және «Кек алушылар: Шексіздік соғысы» сияқты әйгілі картиналар болған.

Ал Том Холландтың бұған дейінгі жеке фильмі – «Өрмекші адам: Үйге жол жоқ» шамамен 1,9 млрд доллар жинаған. Яғни ол 2 млрд доллар межесіне аз ғана жетпей қалған еді.

Қазақстанда да касса жинап жатыр

Фильм Қазақстан прокатында да жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Freedom Ticketon мәліметінше, алғашқы демалыс күндерінде фильм 1,373 млрд теңге жинаған.

Ал әлемдік прокаттағы көрсеткіші фильмнің жылдың ең ірі кинопремьерасы атануға басты үміткерлердің біріне айналғанын көрсетіп отыр.

Алғашқы демалыс күнінен-ақ рекорд орнатқан

«Өрмекші адамның» жоғары нәтижесі алғашқы күндерден-ақ байқалған. Фильм прокаттағы алғашқы демалыс күнінде әлем бойынша 927 млн доллар жинап, кино тарихындағы екінші үздік старт көрсеткішін тіркеген.

Сондай-ақ оқыңыз