Ресей қарыз бермеді: Көкшетаудағы жылу орталығының құрылысы үшін облигация шығарылды

Жарияланды 17 Тамыз 2026 11:21

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Көкшетау жылу-электр орталығы AIX биржасында 60 млрд теңгеге облигация орналастырып жатыр/коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Көкшетау жылу-электр орталығы AIX биржасында 60 млрд теңгеге облигация орналастырып жатыр. Бұл туралы қаржыгер Арман Батаев жазды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Бастапқыда бұл ауқымды жоба Ресейдің қолдауымен жүзеге асады деп жоспарланған болатын. Шарт бойынша Ресей тарапы қажетті жабдықтарын жеткізіп, 20 жыл мерзімге рубльмен жылына шамамен 7% жеңілдетілген несие беруге тиіс еді. Дегенмен Ресей уәде етілген қаржыны бөле алмады. Осыдан кейін Қазақстан жобаны өз бетінше қолға алуға шешім қабылдады.

2025 жылы «Самұрық-Казына» мен «Самұрық-Энерго» жобалық компанияның капиталына 34,6 млрд тенге құйды. Ал құрылыс пен басты жабдықтарды жеткізу келісімшарттары негізінен қытай компанияларымен жасалды. Жалпы келісімшарттардың құны шамамен 356 млрд тенгені құрайды.

Енді Көкшетау ЖЭО-сы облигация нарығына да шығып, Astana International Exchange (AIX) биржасында жалпы номиналды көлемі 60 млрд тенге болатын 15 жылдық облигацияларды орналастыруда. Оның купоны TONIA Compounded индикаторына байланған және оған жылына 1,5%-дан аспайтын үстеме қосылады, ал облигацияларды өтеу 2041 жылдың тамыз айында өтеді.

Бұған дейін Қазақстанның үш ірі қаласындағы жылу электр орталығын Ресей компаниялары салып, Ресей қаржыландыратыны айтылған. Алайда көрші бұл жобаларға қарыз беруден бас тартқан.  

Сондай-ақ оқыңыз