
Баланың денсаулығында қандай да бір кінәрат болса, оны дене шынықтыру сабағынан бірден босату керек пе? Бұл сұрақ көп ата-ананы алаңдататыны анық. Алайда қандай да бір диагноз қойылса, ол бала сабаққа мүлде қатыспайды деген сөз емес. Кей жағдайда жүктемені азайтып, арнайы медициналық топта жаттығу жеткілікті болса, кей балаларға дәрігердің қорытындысы бойынша дене шынықтырудан толық босатылады. Заңда мұндай шешімнің медициналық негізі нақты көрсетілген.
Қазақстанда оқушының дене шынықтыру сабағына қатысу мүмкіндігін дәрігерлер оның денсаулық жағдайына қарай анықтайды. Сондықтан ата-ана үшін ең маңыздысы – аурудың атауын емес, баланың дене жүктемесіне қаншалықты төтеп бере алатынын бағалау.
Дене шынықтыру сабағынан кімдер босатылады
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, дәрігерлік-консультативтік комиссияның анықтамасы бар білім алушылар дене тәрбиесі сабақтарынан босатылады.
Яғни ата-ана өз бетінше «баламның диагнозы бар, сондықтан дене шынықтыруға қатыспайды» деп шеше алмайды. Сабақтан босату медициналық қорытындымен рәсімделеді.
Бұл жерде уақытша және ұзақ мерзімді шектеуді де ажырату маңызды. Мысалы, жарақаттан, операциядан немесе аурудың асқынуынан кейін балаға белгілі бір уақытқа физикалық күш түсіруге болмайтын жағдайлар болуы мүмкін. Мұндай кезде дәрігер баланың дене жүктемесін уақытша шектеу туралы қорытынды береді.
Қандай ауруларда дене жүктемесін шектеу қажет болуы мүмкін
Мұндай жағдайларға, мысалы, жүрек-қантамыр жүйесінің кейбір аурулары, тыныс алу жүйесінің ауыр немесе асқынған жағдайлары, тірек-қимыл аппаратының жарақаттары мен аурулары, операциядан кейінгі кезең және басқа да медициналық жағдайлар жатуы мүмкін.
Алайда бір диагноздың өзі барлық балаға бірдей талап қойылады дегенді білдірмейді. Бір оқушыға жеңілдетілген жаттығулар рұқсат етілсе, екіншісіне белгілі бір кезеңде физикалық жүктемені толық тоқтату қажет болуы мүмкін.
Сондықтан «мына диагноз болса, дене шынықтырудан автоматты түрде босатылады» деген тізім жоқ.
Бала дене шынықтырудан босатылмаса да, жүктемесі азайтылуы мүмкін
Бұл ата-аналар жиі шатастыратын мәселенің бірі. Профилактикалық медициналық тексеру кезінде дәрігер баланың денсаулық жағдайын бағалап, оған негізгі немесе арнайы дене шынықтыру тобын белгілейді.
Қолданыстағы медициналық стандарт бойынша 1 және 2-ші денсаулық тобындағы оқушылар негізгі дене шынықтыру тобына, ал 3 және 4-ші топтағы балалар арнайы медициналық дене шынықтыру тобына жатқызылуы мүмкін.
Бұл денсаулығында ерекшелігі бар бала міндетті түрде спорттан шеттетіледі дегенді білдірмейді.
Денсаулығында ерекшелігі бар баланы дене шынықтырудан бірден шеттету міндетті емес. Оқу бағдарламаларында мұндай оқушыларға арналған «Бейімделген дене шынықтыру» бағыты қарастырылған. Онда баланың мүмкіндігіне қарай қозғалыс белсенділігін ұйымдастыру, тыныс алу жаттығулары, жүктемені реттеу және бұлшықет тонусын нығайту сияқты бағыттар қамтылған.
Арнайы топтағы бала сабаққа қатыса ма
Иә, көптеген жағдайда қатысады. Арнайы медициналық топтағы оқушылар үшін жеке және сараланған тәсіл қолданылуы ұсынылады. Яғни жаттығудың түрі, қарқыны мен көлемі баланың денсаулық жағдайына қарай бейімделеді.
Бұл тәсілдің мақсаты – баланы қозғалыстан толық оқшаулау емес, оның денсаулығына зиян келтірмейтін деңгейде физикалық белсенділікті сақтау.
Уақытша босатылған бала сабақта не істейді
Дене жүктемесінен уақытша босатылған оқушы пәннің өзінен босатылмайды. Әдістемелік ұсынымдарда мұндай балалардың сабақта теориялық материалды меңгеруі, төрешілікке қатысуы, басқа оқушылардың жаттығуларын бақылауы және қозғалыс техникасын бағалауы мүмкін екені көрсетілген.
Сондықтан медициналық анықтама алған бала дене шынықтыру сабағы кезінде міндетті түрде үйіне қайтарылады немесе сабақтан тыс қалады деген түсінік те дұрыс емес.
Ата-ана нені білуі керек
Ең бастысы – диагнозға қарап баланың дене шынықтырудан толық босатылуын талап етпеу. Дұрыс шешім баланы дәрігерге көрсетіп, оның қазіргі денсаулық жағдайын бағалатудан басталады.
Медициналық тексеру нәтижесінде балаға дене шынықтыру тобы мен тиісті жүктеме бойынша ұсыныс беріледі. Ресми медициналық құжаттарда дене тәрбиесі мен шынықтыруға қатысты ұсынымдар, сондай-ақ дене шынықтыру тобы көрсетіледі.
Кей балаға толық тынығу қажет болса, басқа оқушыға тек жүктемені азайтып, арнайы топта жаттығу жеткілікті болуы мүмкін.
Сондықтан ата-ана үшін ең дұрыс жол – мектепке анықтама апарып қана қоймай, дәрігерден балаға қандай физикалық жүктеме рұқсат етілетінін нақтылау.
Тағы да оқыңыз: Баланы мектепке қалай психологиялық дайындау керек: ата-анаға кеңес.