
2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда 8,48 млн әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 0,6%-ға көп. Qamqor.kz мәліметінше, осы уақыт ішінде 8,2 млн-нан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Құқық бұзушыларға салынған айыппұлдың жалпы сомасы 186,1 млрд теңгеге жетті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 141,3 млрд теңге болған. Яғни айыппұл сомасы бір жылда шамамен 31,7%-ға немесе 44,8 млрд теңгеге өскен.
Дереккөз: Qamqor.kz
Алайда салынған айыппұлдың бәрі бірдей өндірілген жоқ. Алты айда мемлекет 109,6 млрд теңге өндіріп алған. Бұл өткен жылғы 89,7 млрд теңгемен салыстырғанда 22,2%-ға көп.
Соған қарамастан айыппұлды өндіріп алу деңгейі төмендеген. Былтыр салынған айыппұлдардың 63,5%-ы өндірілсе, биыл бұл көрсеткіш 58,9%-ға дейін төмендеді. Өндірілмей қалған айыппұл көлемі 76,5 млрд теңгені құрайды.
Айыппұлды өндіріп алу көрсеткіші өңірлер арасында айтарлықтай ерекшеленеді. Ең жоғары көрсеткіш Абай облысында – 88,3%. Одан кейін Ұлытау облысы – 87,5%, Батыс Қазақстан облысы – 84,3%, Жамбыл облысы – 81,2%, Алматы облысы – 79,9% және Қостанай облысы – 79,2%.
Ал Ақтөбе облысында салынған айыппұлдардың небәрі 20,4%-ы өндірілген. Бұл – ел бойынша ең төмен көрсеткіш.
Qamqor.kz статистикасы 2026 жылғы 1 қаңтардан 30 маусымға дейінгі кезеңді қамтиды. Өндіріп алу пайызы салынған айыппұл сомасының қанша бөлігі нақты төленгенін көрсетеді.