Стадион басшылығы қарсы: Канье Уэсттің Ресейдегі концерті дауға қалды

Жарияланды 25 Тамыз 2026 08:37

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
Газпром Арена / фото: fc-zenit.ru

Алматыдағы концертінен кейін, америкалық рэпер Канье Уэсттің кезікті сапары дауға айналды. Музыканттың Ресейдегі Санкт-Петербург қаласында жоспарланған концерті өтпей қалуы мүмкін, деп хабарлайды Kursiv.Media.

«Газпром Арена»: Ешқандай келісімшарт жоқ

Жоспар бойынша Канье Уэсттің ауқымды шоуы 10 және 11 қазан күндері Санкт-Петербургтегі ең ірі «Газпром Арена» стадионында өтуге тиіс. Бірақ спорттық кешен әкімшілігі ресми мәлімдеме жасап, бұл шара туралы ештеңе білмейтінін жеткізді.

«Газпром Арена» бұл концерттің ұйымдастырушысы емес. Идея авторлары мен жауапты тарап – мәскеулік Say Agency концерттік агенттігі. Алайда «Газпром Арена» стадионды жалға беру бойынша ешқандай келісімшартқа қол қойған жоқ. Ондай құжат мүлдем жоқ. Соған сәйкес, бұл шара біздің алаңда өте алмайды», – деп хабарлады стадионның баспасөз қызметі.

Ұйымдастырушылардың уәжі

«Газпром Аренаның» бұл кесімді сөзіне концертті ұйымдастырушы Say Agency өкілдері таңғалғанын жасырмады. Олардың айтуынша, әнші тарапымен де, стадионмен де келіссөздер жүргізілді.

«Бұл ақпараттың олардың әлеуметтік желісінде неліктен пайда болғаны біз үшін үлкен сұрақ. Келісімшартты 27-сіне дейін қол қою үшін олардың өзі жіберген болатын. Әртіспен келісімшартымыз дайын, барлығы дұрыс еді. Енді жағдайдың мән-жайын анықтау үшін стадион басшылығымен байланысқа шығуға тырысып жатырмыз», – деп жауап берді агенттік өкілдері.

Еске сала кетейік, жақында ғана Канье Уэст Алматыда өнер көрсеткен еді. Қазақстандағы концерт те оңайға соқпады: рэпер сахнаға шықпас бұрын стадионда жарық өшіп, соңы жауын мен дауылға ұласып, шоу бір күнге кешіктіріліп өтті.

Ендігі кезекте Санкт-Петербургтегі шоудың тағдыры не болары белгісіз. Ұйымдастырушылар тығырықтан шығудың жолын іздеп жатқанын айтады.

Сондай-ақ оқыңыз