
Apple-дің жаңа өнімдері 9 қыркүйекте таныстырылады. Компания іс-шара барысында iPhone-ның жаңа сериясын және болжам бойынша алғашқы бүктелетін смартфонын таныстыруы мүмкін. Бұл туралы Reuters хабарлады.
Бұл шара Apple компаниясының жаңа бас директоры Джон Тернус басшылығымен өтетін алғашқы ірі тұсаукесер болмақ. Ол 1 қыркүйекте компания басшылығына кіріседі. Ал Тим Кук атқарушы төраға қызметіне ауысады.
Тернус көп жыл бойы Apple компаниясының аппараттық өнімдерін әзірлеуге жетекшілік еткен. Сарапшылардың пікірінше, оның бас директор болып тағайындалуы компанияның негізгі бағытына – құрылғылар жасауға қайтадан басымдық беретінін көрсетеді.
Алғашқы бүктелмелі iPhone таныстырылады
Сарапшылардың болжамынша, Apple-дің алғашқы бүктелмелі смартфоны iPhone Ultra iPad mini экранына шамалас дисплеймен жабдықталуы мүмкін.
Сарапшылардың басым бөлігі бүктелмелі iPhone бағасы 2 000–2 500 доллардан басталады деп күтіп отыр. Бұл шамамен 917 мың теңгеден 1,15 млн теңгеге дейін.

Мұндай құрылғының нарыққа шығуы Apple үшін маңызды қадам болмақ. Компания премиум санаттағы гаджеттер арқылы өнімдерінің орташа бағасын және кірісін арттыруды көздеп отыр.
Қазір бүктелмелі смартфондар нарығында Samsung Electronics көш бастап тұр. Оңтүстіккореялық компания шілде айында паспорт көлеміндей жиналатын жаңа смартфонын таныстырды. Осылайша Samsung Apple-дің бұл сегментке шығуына дейін нарықтағы позициясын сақтап қалуға тырысып отыр.
Зерттеу компаниясы IDC болжамынша, 2027 жылға қарай Apple 17 млн-нан астам бүктелетін iPhone жеткізуі мүмкін.
iPhone 18 Pro және Pro Max

Бүктелетін смартфоннан бөлек, Apple iPhone 18 Pro және iPhone 18 Pro Max модельдерін де таныстырады деп күтілуде. Жаңа құрылғыларға өнімдірек процессор, жаңартылған камералар және батареяның ұзақ жұмыс істеу мүмкіндігі ұсынылуы мүмкін.
The Verge мәліметінше, тұсаукесерде негізгі назар премиум смартфондарға аударылуы мүмкін. Ал базалық iPhone 18, iPhone 18e және iPhone Air-дың екінші буыны 2027 жылы ғана таныстырылады деген болжам бар.
Бағасы қанша болады
Баға әзірге басты сұрақтардың бірі болып отыр. Компоненттер, соның ішінде жад құнының қымбаттауына байланысты Apple жаңа смартфондарының бағасын едәуір көтеруі мүмкін.
- iPhone 18 Pro – 1 199 доллардан (шамамен 550 мың теңге);
- iPhone 18 Pro Max – 1 299 доллардан (шамамен 596 мың теңге).
Бұл – АҚШ-тағы 256 ГБ жады бар базалық нұсқалардың салықсыз болжамды бағасы. Қазақстанда сатылым басталған кезде олардың құны тиісінше шамамен 650–750 мың теңге және 700–800 мың теңге болуы мүмкін.
- Бүктелмелі iPhone – 2 000–2 500 доллардан (шамамен 917 мың – 1,15 млн теңге).
Apple құрылғылардың нақты бағасын тек тұсаукесер кезінде жариялайды.
Apple компонент тапшылығына тап болды
Электроника өндірушілері жад чиптері мен жинақтауыштардың тапшылығын әлі де сезініп отыр. Бұл жағдай құрылғылардың өзіндік құнының өсуіне және тұтынушылық сұраныстың төмендеуіне әсер етеді.
Apple бұған дейін кейбір Mac және iPad модельдерінің бағасын көтерген. Шілде айында компания жеткізу тізбегінде «өте елеулі» мәселелер туындағанын ескертіп, оның ағымдағы тоқсандағы сатылымдарға кері әсер етуі мүмкін екенін мәлімдеді.
2025 жылы Apple жұқартылған iPhone Air моделін таныстырып, iPhone 17 базалық нұсқаларының мүмкіндіктерін кеңейтті. Жаңа топтама смартфондарын жаңартатын тұтынушылардың үлесін арттыруға ықпал етті.