Маңғыстауда мұнай өндіретін қытай компаниясы кезекті рет айыппұл арқалауы мүмкін

Жарияланды 28 Тамыз 2026 16:18

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
«Теңге» кен орнын игеріп отырған компанияға айыппұл салынбақ / Фото: shutterstock

Маңғыстау өңіріндегі «Теңге» кен орнында мұнай өндіріп отырған «Tenge Oil & Gas» компаниясы кезекті рет айыппұл арқалауы мүмкін. Өндірістік қауіпсіздік талаптарын белден басқан бұл кәсіпорын бұған дейін берілген мемлекеттік нұсқамаларды толық орындамаған.

Төтенше жағдайлар департаменті биыл компанияның қауіпті нысандарын жоспарлы түрде тексеріп, техникалық қауіпсіздік талаптары 54 рет бұзылғанын анықтаған.

Олқылықтарды жоюға уақыт берілгенімен, кейінгі жоспардан тыс инспекция кәсіпорынның төрт бірдей талапты елеусіз қалдырғанын анықтады. Мамандар бұл заңсыздық бойынша әкімшілік хаттама толтырып, істі сотқа жолдады.

Заң бойынша орта бизнес санатына жататын серіктестікке жүздеген мың теңге көлемінде жаңа айыппұл салынады.

2026 жылдың басынан бері оларға салынған әкімшілік айыппұлдың жалпы сомасы 27 миллион теңгеден асып жығылды.

Арасында Қытай және Біріккен Араб Әмірліктері инвесторларының үлесі бар бұл құрылым соңғы жылдары мұнай мен газ өндірісін еселеп арттырып, миллиардтаған таза пайда тапқанымен, өндіріс орындарындағы қарапайым қауіпсіздік ережелеріне салғырт қараған.

Бұған дейін де, яғни 2023 жылы арнайы тексеріс кезінде кәсіпорынның мұнай дайындау қондырғылары мен ұңғымаларынан 27 түрлі кемшілік табылған.

Adata-дағы мәліметтерге сүйенсек, екі құрылтайшысы бар. Бірі – Цзян Куйфэнге тиесілі CASPIAN INNOVATOR LIMITED атты жеке компания. Куйфэн Алматы мен Ақтауда тіркелген, мұнай-газ секторына қатысты бар бірнеше қазақстандық компанияның директоры. Екінші құрылтайшы – Қазақстан мен Қытай арасында құрылған CHINA RISING ENERGY INTERNATIONAL KAZAKHSTAN компаниясы.

Сондай-ақ оқыңыз