Аптап ыстық Франция экономикасын өсімсіз қалдырды

Жарияланды 28 Тамыз 2026 15:00

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Франция экономикасы өсімді тоқтатты / фото: ЖИ көмегімен жасалды

Франциядағы аптап ыстық пен құрғақшылық табиғатқа ғана емес, ел экономикасына да салмақ салды. Ауыл шаруашылығындағы өндіріс төмендеп, соның салдарынан екінші тоқсанда экономикалық өсім тоқтап қалды.

Ұлттық статистика институты бұған дейін жарияланған 0,2% өсімді қайта есептеп, көрсеткішті 0%-ға дейін төмендетті. Ал бірінші тоқсанда Франция экономикасы 0,2% қысқарған болатын.

Қаржы министрі Ролан Лескюр мұны аптап ыстық, құрғақшылық пен орман өрттері қатар келген ауыр жаздың алғашқы салдары деп атады. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі әлсіреген.

Экономиканы халықтың тұтынуы мен экспорт қолдап тұр. Екінші тоқсанда тұрғындардың шығыны 0,3% өсті. Экспорт 2,9% артты, оған авиация саласындағы жеткізілімдердің көбеюі ықпал еткен. Алайда кәсіпорындардың қоймадағы қорды азайтуы жалпы өсімді 0,7 пайыздық тармаққа тежеді.

Енді үкіметтің жыл қорытындысында экономиканы 0,7% өсіру жоспары орындалмай қалуы мүмкін. Бұл межеге жету үшін экономика үшінші және төртінші тоқсандардың әрқайсысында 0,5%-дан өсуі керек.

Әлсіз өсім бюджетке де қысым түсіреді. Франция билігі биыл бюджет тапшылығын жалпы ішкі өнімнің 5,1%-ынан 5%-ына дейін төмендетуді жоспарлаған еді. Экономика баяу қалпына келсе, бұл мақсатқа жету қиындайды.

Оның үстіне тамызда инфляция 2,7%-ға дейін үдеп, соңғы үш айдағы ең жоғары деңгейге жетті. Қазір Франция экономикасына қолайсыз ауа райымен бірге қымбат энергия мен сыртқы саудадағы шиеленіс те әсер етіп отыр.

Айта кетейік биыл францияның Атлантика жағалауындағы орман өртіне байланысты туристерді қосқанда 20 мыңға жуық адам эвакуацияланғанын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз