Астанада Enrique Iglesias концертіне баратындар арнайы автобустармен қатынай алады

Жарияланды 1 Қыркүйек 2026 12:10

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General news бөлімінің аға журналисі a.serikkhan@kursiv.media
Фото: kursiv.media, Серікжан Қобыланбаев

3 қыркүйекте Астанада әлемге әйгілі әнші Enrique Iglesias-тің концерті өтеді. Осыған байланысты көрермендерге ыңғайлы болу үшін концерт өтетін «Астана Арена» стадионына төрт нүктеден арнайы шаттл автобустар қатынайды, деп хабарлайды Kursiv.media.

Шаттл автобустар қай жерлерден жүреді

Астана қаласы әкімдігі атап өткендей, арнайы автобустар сағат 16:00-ден бастап қатынайды. Олар қаладағы төрт орыннан жолаушыларды концерт өтетін жерге жеткізеді.

Шаттл автобустар мына нүктелерден жүреді:

  • Елорда циркінің жанындағы автотұрақ;
  • «Әзірет Сұлтан» мешітінің жанындағы автотұрақ;
  • Қажымұқан көшесіндегі «Қазақстан» спорт кешенінің жанындағы автотұрақ;
  • «Нұр-Сұлтан» мешітінің (Бас мешіт) жанындағы автотұрақ.

Концерт сағат 20:00-де басталады. Шаттл автобустар іс-шара басталғанға дейін көрермендерді стадионға жеткізсе, концерт аяқталғаннан кейін кері бағытта қатынайды.

Көлік кептелісін азайту көзделіп отыр

Әкімдік мәліметінше, арнайы шаттл бағыттарының ұйымдастырылуы концертке келетін тұрғындар мен қала қонақтарының жолын жеңілдетіп, көлік қозғалысына түсетін жүктемені азайтуға бағытталған.

«Қосымша шаттл-бағыттардың қатынауы жолдардағы көлік кептелісін азайтып, елорда тұрғындары мен қонақтарының концерт өтетін жерге жайлы әрі қауіпсіз жетуіне мүмкіндік береді», – делінген әкімдік хабарламасында.

Сонымен қатар концертке баратын көрермендер «Астана Аренаға» жету үшін «Тарлан Астана» жеңіл рельсті көлік қызметін де пайдалана алады.

Энрике Иглесиас – әлемдік поп-музыка тарихындағы ең табысты орындаушылардың бірі. Billboard нұсқасы бойынша ең танымал латынамерикалық әнші ретінде танылған. Өз мансабында әртіс 180 миллионнан астам музыкалық релиз көшірмесін сатқан.

Әлемдік жұлдыз жеке концерттік бағдарламасымен Қазақстанда алғаш рет өнер көрсетеді. Ауқымды шоу 3 қыркүйек Астанада және 5 қыркүйекте Алматыда өтеді.

Концерт билеттері Freedom SuperApp және Ticketon.kz платформаларында ресми түрде сатылымға шыққан.

Сондай-ақ оқыңыз