Қыркүйекте Қазақстанда не өзгереді? Халыққа маңызды бес жаңалық

Жарияланды 1 Қыркүйек 2026 08:00

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Қыркүйектегі басты өзгерістер / фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қыркүйекте бастауыш сыныптарда бағалау тәртібі жаңарып, зейнетақы жинағын жеке басқарушыға беру шегі екі есе ұлғаяды. Ауылдағы баспана кезегінде тұрғандар жалдамалы үйді таңдап, өтініш бере алады. Күздің алғашқы айында халыққа тікелей әсер ететін бес өзгерісті және олардың қашан басталатынын жинақтадық.

01

Білім беру

1 қыркүйектен 2-4-ші сыныптарда бағалау тәртібі өзгереді. Күнделікті, яғни формативті бағалаудың тоқсандық бағадағы үлесі 25%-дан 50%-ға өседі. Әр бөлім аяқталғанда аралық бағалау өткізіледі, ал тоқсан соңында бөлек ТЖБ болмайды. Бірінші сыныпта бұрынғыдай баға қойылмайды. Баланың тоқсандық нәтижесінде күнделікті жұмысының салмағы артады.
Жаңа оқу жылында 5-7-сыныптарда «Конституция негіздері», 8-11-ші сыныптарда «Заң және тәртіп» курстары оқытылады. Балалардың күнделікті қауіпсіздігіне арналған «Жеке қауіпсіздік» курсы да енгізіледі.

02

Тұрғын үй

1-7 қыркүйекте ауылдағы жалдамалы үйге өтініш қабылданады. Тұрғын үйге мұқтаж ретінде өз ауданында есепте тұрған азаматтар сол аудан аумағындағы қолжетімді баспананы таңдай алады. Өтініш Baspana Market порталында ЭЦҚ арқылы беріледі.

Отбасы банк іріктеу кезінде кезекке тұрған күнін, отбасының соңғы алты айдағы табысын, құрамын және әлеуметтік мәртебесін ескереді. Әңгіме әкімдіктер бюджет есебінен салған немесе сатып алған жалдамалы үйлер туралы.

14 қыркүйектен берілетін үйдің бөлме санын анықтағанда отбасы құрамы ескеріледі. Ерлі-зайыптыларға, ата-аналарға және әр жынысты балаларға бөлек бөлме қарастыру талаптары белгіленген.

03

Зейнетақы жинағы

7 қыркүйектен міндетті жарналардан жиналған зейнетақы қаражатын жеке басқарушыға 100%-ға дейін беруге болады. Қазір міндетті және міндетті кәсіптік жарналар есебінен қалыптасқан жинақтың 50%-ына дейінгі бөлігін аударуға рұқсат етілген. Жаңа тәртіп салымшының жинағын басқару мүмкіндігін кеңейтеді.

Бұл — салымшының өз таңдауы. Ақша зейнетақы активі ретінде қалады, оны қолма-қол шешіп алуға болмайды. Қаражатты аудару үшін БЖЗҚ-ға өтініш беру қажет.

Салымшы тәуекелі әртүрлі портфельдерді таңдай алады. Басқарушыны таңдағанда тек бұрынғы табыстылыққа сүйенбей, инвестициялық стратегиясы мен тәуекелін де ескерген жөн: болашақ табысқа кепілдік жоқ.

04

Денсаулық сақтау

1 қыркүйектен кейін өндірілген биологиялық белсенді қоспаларға Data Matrix коды енгізіледі. Таңбаланған өнімдер нарыққа түскен сайын сатып алушылар оларды Naqty Onim қосымшасы арқылы тексере алады.

Бұрын өндірілген таңбасыз ББҚ бірден сатылымнан алынбайды: оларды жарамдылық мерзімі аяқталғанша сатуға рұқсат етіледі.

15 қыркүйекте тұмауға қарсы егу науқаны басталады. Бас санитариялық дәрігердің қаулысы туралы 28 тамызда жарияланған ақпаратқа сәйкес, медициналық ұйымдар осы күнге дайындалып, егілетін адамдар тізімін алдын ала қалыптастыруы керек.

05

Салық және декларация

270.00 нысанындағы декларацияны тапсыру мерзімі 15 қыркүйекте аяқталады. Ол 2025 жылғы кірістер мен мүлік бойынша беріледі. Бұл міндет барлық азаматқа бірдей жүктелмейді.

Декларация тапсыратындар қатарына мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары, жеке практикамен айналысатындар, өз бетінше салық салынатын табыс алғандар, цифрлық активі бар адамдар кіреді. Шетелдегі ақша мен мүлікке, сондай-ақ ірі сатып алуларға қатысты талаптар да бар. Өз жағдайыңыздың міндетті декларациялау шарттарына сай келетінін тексерген жөн.

Егер декларация бойынша жеке табыс салығын төлеу міндеті туындаса, оны 25 қыркүйекке дейін төлеу қажет. Декларацияны жіберу мен салықты төлеудің мерзімі бөлек.

Сондай-ақ оқыңыз