
Unbox Therapy YouTube арнасының авторы Льюис Хильзентегер iPhone 18 Pro Max және Apple компаниясының алғашқы бүктелмелі смартфоны iPhone Ultra-ның жаңа макеттерін көрсетті. Алдын ала мәлімет бойынша, компанияның бүктелмелі смартфоны осындай атаумен шығуы мүмкін, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Бейнежазба Apple компаниясының 9 қыркүйекке жоспарланған таныстырылымына шамамен бір апта қалғанда жарияланды. Аталған іс-шарада iPhone 18 Pro және Pro Max модельдерімен қатар, алғашқы бүктелмелі iPhone-ның таныстырылуы күтіліп отыр.
Алдыңғы макеттермен салыстырғанда ең көп өзгеріске бүктелмелі iPhone Ultra ұшыраған. Льюис Хильзентегердің айтуынша, жаңа нұсқаның дизайны анағұрлым мұқият әзірленген және сериялық модельдің нақты сыртқы келбетін дәлірек көрсетуі мүмкін.

Смартфонның корпусы қалыңырақ көрінеді. Ал бұрыштары мен қырлары бұрынғыға қарағанда дөңгелене түскен.

Негізгі камералар блогы да жаңартылған. Енді оның дизайны Apple-дің қазіргі дизайн стиліне бұрынғыдан да көбірек сәйкес келеді.
Бүктелмелі механизмнің құрылымына да өзгеріс енгізілген. Шарнир корпустың ішіне тереңірек орналастырылып, бүйір қырларына қарағанда азырақ шығып тұратын болған. Сонымен қатар макетке қарағанда, Apple USB-C порты мен динамиктердің орналасуын да өзгерткен.

iPhone 18 Pro Max макеттері бұған дейін шыққан үлгілерден айтарлықтай ерекшеленбейді. Дегенмен бейнежазбада құрылғының төрт болжамды түсі көрсетілген: көкшіл, қызыл-қызғылт, ақ және қара.
Apple-дің жаңа өнімдері 9 қыркүйекте таныстырылады. Компания іс-шара барысында iPhone-ның жаңа сериясын және болжам бойынша алғашқы бүктелетін смартфонын таныстыруы мүмкін.