
5 қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионда испаниялық әнші Enrique Iglesias-тің концерті өтеді. Осыған байланысты қала әкімдігі көрермендерге қауіпсіздік шаралары мен көлік қозғалысына қатысты ескертті, деп хабарлайды Kursiv.LifeStyle.
Іс-шара кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге екі мыңға жуық полиция қызметкері жұмылдырылады. Олар қоғамдық тәртіпті сақтап, көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және төтенше жағдайларға жедел әрекет етеді.
Стадион маңында көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізілуі мүмкін. Сондықтан көрермендерге маршрутты алдын ала жоспарлап, концерт өтетін жерге ертерек келу ұсынылады.
Концертке кіру сағат 16:00-де Абай даңғылы мен Байтұрсынов көшесі жағынан ашылады. VIP Standing санатындағы билет иелері Сәтбаев көшесі жағындағы бөлек кіреберісті пайдалана алады. Концерт 20:00-де басталады.
Кіреберісте бақылау ұйымдастырылады. Келушілерге концертке кіру ережелерімен алдын ала танысып, тыйым салынған заттарды алып келмеу ұсынылады.
Қоғамдық көлік, оның ішінде метро, штаттық режимде жұмыс істейді. Концерт аяқталғаннан кейін көрермендер үшін әуежай, Орбита, Алматы-1 вокзалы, Райымбек даңғылы – Алатау көшесі және «Алматы Арена» бағыттары бойынша қосымша шаттлдар қатынайды.
Ұйымдастырушылар мен құқық қорғау органдары көрермендерді қауіпсіздік талаптарын сақтап, полиция қызметкерлері мен бақылаушылардың нұсқауларын орындауға шақырды.