
Қазақстанда фармацевтика саласының өндіріс көлемі соңғы үш жылда 37%-ға өсіп, 191 млрд теңгеге жетті. Өсім биыл да жалғасып отыр: 2026 жылдың алғашқы алты айында елімізде 126,6 млрд теңгенің дәрілік заттары мен медициналық бұйымдары өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 30%-ға көп. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
200-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді
Бүгінде Қазақстанда фармацевтикалық және медициналық өнім өндіретін 209 кәсіпорын бар. Оның 43-і дәрілік заттар шығарады. Отандық өнімнің заттай көрсеткіштегі үлесі 40,3%-ға жеткен.
Министрлік мәліметінше, өндірісті одан әрі арттыруға бағытталған ірі жобалар да іске асырылып жатыр.
494-тен астам дәрі шығарылады
Сегіз ірі жоба аясында Қазақстанда бұрын өндірілмеген 494-тен астам дәрілік заттың шығарылуын жолға қою жоспарланған. Олардың қатарында онкологиялық, жүрек-қантамыр, аутоиммундық және инфекциялық ауруларды, қант диабетін емдеуге арналған препараттар бар.
Министрлік бұл жобалар іске қосылған жағдайда дәрі-дәрмектің қолжетімділігі артып, елдің медициналық препараттармен қамтамасыз ету тұрақтылығы күшейетінін атап өтті.
Тағы да оқыңыз: Қазақстанда қатерлі ісікке қарсы дәріні сынақтан өткізіп жатыр