
Астананың жас мұғалімдері «Ұлт ұстазы», ағартушы – Ахмет Байтұрсынұлының бейнесін заманауи өнермен өрнектеді, деп хабарлайды Kursiv.Media. Портрет-инсталляцияға 5000 мың шеге мен 600 метр жіп кеткен.
№48 мектеп-лицейінің ұстаздары бұл портретті String art технологиясы арқылы жасаған. Жас мұғалімдері Ахмет Байтұрсынұлының есімімен аталған білім ордасында ұлт ұстазының мұрасын насихаттаудың өзгеше жолын ұсынып отыр. Жобаны толық аяқтауға 14 күн уақыт кеткен.
«Жұмыстың алғашқы кезеңінде мұғалімдер арнайы дайындалған тақтайшаға проектордың көмегімен Ахмет Байтұрсынұлының бейнесін түсіріп, портреттің негізгі сұлбасын белгіледі. Кейін тақтайшаға бес мыңға жуық шеге қағылды. Ал одан кейін әр шегеге тоқылған жіптерді бір-бірімен байланыстыра отырып, портреттің бейнесі қалыптастырылды», – делінген хабарламада.
Ұстаздар дайын жұмысты мектеп музейіне тарту еткен.
Бұған дейін қазақстандық белгілі суретші әрі блогер Әсел Сабыржанқызы әнші Энрике Иглесиастың портретін кілемге салып, әртіске тарту еткен.