
Қырғызстандық жүргізуші Айзада Жамғырчиева Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында күтпеген сыйлыққа ие болды. Тулар шеруінде Қазақстан құрамасын ерекше эмоциямен таныстырғаны үшін Қазақстан көкпар федерациясы оған су жаңа автокөлік сыйлады, деп жазады Kursiv.Media.
Темір тұлпардың кілтін жүргізушіге Федерация президенті Айдарбек Қожаназаров табыстады.
Тележүргізуші Айзада Жамғырчиева Instagram парақшасында әсерін бөлісіп, тосынсый мүлде күтпеген оқиға болғанын атап өтті.
«Мен үшін бұл жай ғана сыйлық емес. Бұл менің Қазақстанға көрсеткен қолдауымның еленгенін, бағаланғанын және маған деген үлкен құрметтің белгісі. Осындай сәттер қырғыз пен қазақ арасындағы бауырластықтың құр сөз емес екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Екі халықтың достығы нығая берсін! Қырғыз бен қазақ – әрдайым бауыр!», – деп жазды ол.
Жамғырчиеваның дауысымен Қазақстан құрамасының әсерлі шығуы түсірілген видео бұған дейін әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қазақстандық қолданушылардың ыстық ықыласына бөленді.