
Қазақстандық режиссер, актер және продюсер Нұртас Адамбай Қанат Бейсекеевке берген сұхбатында АҚШ-қа көшуі, депрессия, ислам діні туралы айтып берді. Төрт сағатқа созылған әңгімеде Адамбай өміріндегі өзгерістерге тоқталған.
Подкаст режиссер қазір тұрып жатқан Лос-Анджелесте түсірілген. Бұған дейін Адамбай бастапқыда АҚШ-қа ұзақ мерзімге көшу туралы жоспар болмағанын айтқан. Ол әйелімен бірге бірнеше айға барған, алайда уақыт өте сол елде қалуға, ағылшын тілін үйренуге және кино саласымен айналысуға шешім қабылдаған.
Калифорнияда өмір сүру
Адамбайдың айтуынша, АҚШ-та айына 10 мың долларға (шамамен 4,6 млн теңге) үй жалдап тұрады. Мұндай үйдің басты артықшылығы – терезеден мұхит көрініп тұрады.
Адамбай кейін басқа баспана іздеп көргенін, алайда арзанырақ әрі көңілінен шығатын үй таба алмағанын айтты. Сондықтан сол үйде қалуға шешім қабылдаған. Сонымен қатар режиссер АҚШ-қа көшкеннен кейін өмір сүру деңгейі айтарлықтай өзгермегенін айтады. Қазір ол қазақ киносында жылдар бойы жинаған қаражатына өмір сүріп жатыр. Режиссердің айтуынша, жиған қаражаты шамамен бір жылға жетеді.
Өмірдің мәні
Нұртас Адамбайдың айтуынша, депрессия мен өзін іздеу кезеңі «Әкім» фильмінен кейін басталған. Ол фильмнен қомақты қаражат тапқан, алайда ақша мен жеткен жетістігі оған бұрынғыдай қуаныш сыйламай, керісінше алаңдаушылық туғызған.
Адамбай өзін жаңа көлік қуантады деп ойлап, Porsche 911 Turbo S сатып алғанын, бірақ кейін мінбегенін айтты.
Сөзінше, жақсы ақы төленетін түсірілімге бару үшін үйден шығуға шамасы келмейтін жағдайға жеткен. Сол кезде түрлі ой келіп, белгісіздіктен қатты қорқатын болған.
Ислам діні
Нұртас Адамбай әйелі Ғалиямен арасы суып кеткен кезең туралы да егжей-тегжей айтып берген. Сөзінше, сол уақытта ол бір жағынан жалғыз өмір сүргісі келген, екінші жағынан жұбайынсыз өмір сүре алмайтынын түсінген. Бұл кезеңде намаз оқи бастаған.
Бір күні намаз кезінде отбасына оралу керек пе деген сұраққа жауап іздей бастаған.
«Ішімнен анық бір жауап келді: «Әрине, үйіңе, отбасыңа бар. Сен мұнда не істеп жүрсің? деген ой келді» – деді режиссер.
Оның айтуынша, намаз үстінде көзіне жас келген. Кейін әйеліне жазып, кездесуді ұсынған. Әйелі келіскен. Кейін әйелі де намаз оқитын болған.
Жаңа келісімшарт
Адамбай депрессияға түспей тұрып Мәскеуге барып, жетекші киностудиялар және Тимур Бекмамбетовпен кездескен. Сөзінше, бастапқыда бәрі жақсы болған, «Мэр» фильмін түсіруді жоспарлаған, ал Бекмамбетов фильмнің бүкіл бюджетін және дистрибуциясын өз мойнына алып, келісімшарт ұсынған.
Алайда Адамбай келісімшартқа қол қоюдан бас тартқан. Бұған ішіндегі мазасыздық себеп болған. Режиссер сол кезде телефон тұтқасын көтеруге де қорыққанын мойындады.
AI және шығармашылық
Қазір Нұртас Адамбай жасанды интеллект көмегімен фильмдер жасаумен айналысады. Ол мұны бұрын бюджетке немесе жобаның күрделігіне байланысты жүзеге асыру мүмкін болмаған идеяларды іске асырудың жолы деп санайды.
Режиссер қазір кино түсіру үшін үлкен түсірілім тобы мен күрделі техниканың қажет болмай қалғанынан рахаттанып жүргенін айтты. Қазір AI көмегімен үйден шықпай-ақ Парижде немесе Миланда «түсірілім жасай» алады.
ЛГБТК+ өкілдеріне көзқарасы
Сұхбат барысында Адамбай АҚШ-қа көшкеннен кейін ЛГБТК+ өкілдеріне деген көзқарасының өзгергенін айтты. Ол бұрын мұндай адамдарға қатысты теріс көзқарасы болғанын және оларды сынағанын мойындады. Алайда қазір әр адамды өз өмірін сүріп жатқан тұлға ретінде қабылдауға тырысады.
Адамбайдың айтуынша, бір күні дүкенде жынысын ауыстырған адамды көрген. Сол сәтте режиссер өзінің бұрынғы реакциясын тежеп, психологтан үйренгенін есіне түсірген.
«Мен оған қарап, өзіме: «Менің алдымда өз жолымен келе жатқан адам тұр. Оның бұл жолдан қалай өтіп жатқаны менің шаруам емес», дедім», – деп еске алды Адамбай.
Сонымен қатар режиссер балалар арасында ЛГБТК+ тақырыбын насихаттауға қарсы екенін айтты. Ол мұны бала фильм көріп отырып, өзі дайын емес көрініске кездейсоқ тап болатын жағдайға теңеді.
Сондай-ақ Адамбай AI көмегімен жұмыс істеуге ниетті екенін және бұрынғы кино түсіру форматына қайта оралуды жоспарламайтынын мәлімдеді.