Астанада SOLΛNA фестивалі 2027 жылдың мамыр айына ауыстырылды

Жарияланды 11 Қыркүйек 2026 11:57

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
фото: solanafest.kz

Ұйымдастырушылар SOLΛNA фестивалінің өткізілу мерзімі 2027 жылғы 22 мамырға шегерілгенін хабарлады.

Шараны жоспарланғандай 19 қыркүйекте өткізу үшін соңғы сәтке дейін барлық дайындық жұмыстары жүргізілген: инфрақұрылым реттеліп, жол мен жарық тартылып, сахна құрылысы да басталған еді. Десе де, соңғы кезеңде пайда болған ұйымдастырушылық-әкімшілік жағдайларға байланысты фестивальді аталған мерзімде өткізу мүмкін болмады.

Ұйымдастыру тобы бұл шешім билеттердің сатылымына немесе әртістер құрамына еш қатысы жоқ екенін атап өтті.

Билет иелеріне арналған жеңілдіктер

Сатып алынған барлық билеттер өз күшін толық сақтайды. Шараның ауыстырылғаны үшін ұйымдастырушылар әрбір билетті бір санатқа жоғары сапалы деңгейге тегін көтеріп береді.

Ауқымы кеңейген жаңа бағдарлама

Фестиваль мерзімінің шегерілуі оның ауқымын одан әрі кеңейтуге мүмкіндік берді. Жаңартылған бағдарлама бойынша SOLΛNA сахнасында бұрын жоспарланған 7 әлемдік әртістің орнына 9 өнерпаз өнер көрсетеді. Ұйымдастырушылар жақын арада бағдарламаға қосылған екі жаңа хедлайнердің есімін жариялайтын болады.

Еске сала кетейік, мамыр айында SOLΛNA фестивалі Алматыда өтіп, әлемге танымал әнші Николь Шерзингер қазақстандықтарға алғыс білдірген еді.

Сондай-ақ оқыңыз