Азия ойындарында Қазақстанның туын Елдос Сметов пен Сарвиноз Миркадирова алып шығады

Жарияланды 11 Қыркүйек 2026 19:19

Айгерім Таубай

Айгерім Таубай

General news бөлімінің аға журналисі a.taubay@kursiv.media
фото: видеодан скрин

Жапонияда өтетін ХХ Жазғы Азия ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан құрамасының көк туын дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов пен үстел теннисінен ұлттық құрама спортшысы Сарвиноз Миркадирова алып шығады, деп хабарлайды Kursiv.Media Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Париж Олимпиадасында алтын алып, ел қуанышын еселеген дзюдошы Елдос Сметов Азия ойындарында ту ұстап шығудың жауапкершілігі өте жоғары екенін атап өтті.

«Бүгін мен үшін тарихи күн. ХХ Жазғы Азия ойындарында көк туды ұстап шығу мәртебесі маған бұйырып тұр. Мұндай сәт менде бірінші рет. Бұл шешімді қабылдау оңайға соққан жоқ. Себебі мұның артында қаншама жауапкершілік, елдің, мемлекеттің сенімі бар. Осы ойында бар күшімді салуға уәде беремін», – деді Олимпиада чемпионы.

Елдос Сметов дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы, Рио және Токио Олимпиадаларының жүлдегері, әлем чемпионы.

Сарвиноз Миркадирова – үстел теннисінен Қазақстан ұлттық құрамасының жетекші спортшыларының бірі, халықаралық жарыстардың жүлдегері.

ХХ Жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияда өтеді. Бұған дейін құрлықтық ойындарды Qazaqstan және Qazsport арналары тікелей эфирде көрсететінін жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз