«Ішіп алған ба»: Мақсат Ақанов айтыстан шеттетілді

Жарияланды 14 Қыркүйек 2026 10:22

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
фото: instagram

Маңғыстау облысының Шайыр ауылында өткен айтыс үлкен дауға айналды. Айтыскер ақын Мақсат Ақановтың сахнадағы әдепсіз сөздері мен жүріс-тұрысы әлеуметтік желі қолданушылары мен өнер сүйер қауымның кескілескен сынына ұшырады. Осы жағдайдан кейін Халықаралық Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы шұғыл шешім қабылдады.

«Мынау не масқара, не көргенсіздік!»: Желідегі тараған видео мен халықтың наразылығы

Жанжалдың туындауына Шайыр ауылының 100 жылдығына арналған айтыс себеп болды. Әлеуметтік желіде ақынның сахнада айтқан сөзінен үзінді тарап, көпшіліктің ашуын туғызды. Осы видеоға қатысты пікір білдірген Нұргүл Хасанова ақынның әрекетін сахна мәдениеті мен ұлттық өнердің әдебіне ашық қайшы деп бағалады:

«Мынау не масқара, не көргенсіздік! Аузы лас елді былғайды деген, аузына келгенін көкіп отырған мынаны желкелеп сахнадан қуып шығатын бір намысты адам болмағаны ма сол жерде?! Жүз жерден «жұлдыз», мың жерден «дүлдүл» болса да! Мынау не басыну, не тайраңдау?! Айтыстың әдебі, сахна мәдениеті қайда?! Елді сыйламау, жерді қорлау, тұтас халықты адам құрлы көрмей, ар-намысын таптау ғой бұл!» – деп жазды ол.

Желі қолданушыларының басым бөлігі бұл сөзді қолдап, ұйымдастырушылар мен қазылар алқасының әрекетсіздігін айыптады.

Айтыс Одағының жауабы

Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Аманжол Әлтай орын алған келеңсіздікке байланысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, бұл шара Одақтың ресми жоспарына кірмейді және оны жеке кәсіпкерлер мен демеушілер ұйымдастырған.

«Бұл – Айтыс Одағының жоспарында жоқ, Шайыр ауылында болған айтыс. Жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен сол өңірдің азаматтарының ұйымдастыруымен өткен. Біздің қатысымыз жоқ. Өзім ұйымдастырған, қадағалаған айтыстарда сахна мәдениетінің сақталуына, ақындардың әдебіне ерекше мән беріледі», – деді Аманжол Әлтай.

Сонымен қатар Одақ басшысы бұл оқиғаның бүкіл айтыс қауымдастығының қабырғасына батқанын жеткізіп, жалпы ақындар өнеріне көлеңке түсірмеуді сұрады:

«Мақсат Ақановты алдағы жарты жылда айтыстарға қатыстырмау жөнінде шешім қабылданды. Шайыр ауылында орын алған келеңсіздік біздің де қабырғамызға батуда. Бір ақынның қателігі үшін барлық ақын кінәлі емес. Өзім ұйымдастырған, басы-қасында болған айтыстарда мұндай келеңсіз жағдайлар ешқашан болған емес», – деп түйіндеді төраға.

Қабылданған шешімге сәйкес, ақын Мақсат Ақанов алдағы алты ай бойы Одақ ұйымдастыратын ресми айтыстар мен шараларға қатысу құқығынан айырылды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Төреғали Төреәлі де сахнадағы қылығы көрермендерге ұнамай, артынша продюссері әншінің енді концерттерге шықпайтынын мәлімдеген еді.

Сондай-ақ оқыңыз