
2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Астанаға 830 мыңға жуық турист келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12%-ға көп, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Келген туристердің шамамен 187 мыңы – шетелдік қонақтар. Бұл туралы Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов мәлімдеді. Туристік ағынның өсуіне байланысты қалада жаңа нысандар ашылып, халықаралық қонақүй брендтері дамып жатыр. Сондай-ақ, мәдени, спорттық және іскерлік ірі іс-шаралардың күнтізбесі кеңейіп келеді.
Жыл сайын Астанаға 1,6 млн-нан астам турист келеді. Қаладағы туристік ағын жылына орта есеппен 10–12%-ға өсіп отыр.
«Астана әлдеқашан тек жұмыс бабымен келетін қала болудан қалды. Бүгінде біздің міндетіміз – қонақтың концертке немесе іскерлік кездесуге келгенде елордада ұзағырақ қалып, қайта оралуына жағдай жасау. Әлемнің барлық қалалары дәл осындай турист үшін бәсекелесіп отыр, Астана да бұл бәсекеге белсенді қатысуда», – деді Глотов.
Елордадағы туризмнің негізгі бағыттарының бірі – оқиғалы туризм. Ірі халықаралық концерттер, спорттық жарыстар, іскерлік және мәдени шаралар қалаға қосымша турист тартуға және олардың Астанада болу мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, 2025 жылы елордаға келген туристердің әсерінен Астана экономикасы 55 млрд теңге пайда түсірген еді.