
Қырғызстан билігі кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілерге кіруін шектеу мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды Kursiv.LifeStyle.
Елдің ағарту министрі Догдуркүл Кендирбаева мәлімдеуінше, балалар ересектердің бақылауынсыз интернетте ұзақ уақыт отырады. Соның салдарынан олардың қандай ақпарат алып жатқаны белгісіз. Әсіресе бастауыш сынып оқушыларына алаңдаушылық білдірілді. Олар мектепте күніне шамамен үш сағат қана болып, қалған уақытын үйде өткізеді.
Қазір Қырғызстан мектептерінде сабақ кезінде телефон пайдалануға тыйым салынған. Құрылғыларды тек оқу мақсатында және мұғалімнің бақылауымен қолдануға рұқсат етіледі.
«Біз қазір бұл мәселені қарастырып жатырмыз. Мектептерде сабақ кезінде телефон қолдануға тыйым салынған. Оларды тек мұғалімнің бақылауымен оқу мақсатында пайдалануға болады», – деді министр.
Министрлік өкілдерінің пікірінше, Қырғызстан да балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануын шектеу бағытында қадам жасауы керек. Ведомство мұндай шектеулерді енгізу бойынша халықаралық тәжірибе бар екенін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Франция балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына жаңа шектеу енгізуге мүдделі екенін жазған едік.